Bugin

Қорқыттың көрі: Ресей экономикасын құтқарудың бір-ақ жолы бар – Сарапшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кәсіби экономист үшін Ресейдің қазіргі қаржылық және экономикалық жағдайы – нағыз қара түнек, одан шығудың жолын табу өте қиын. Кремль билігі Украинаны талқандап тастасақ, экономикалық құлдықтан құтыламыз деп ойлап отыр. Алайда мүлде олай емес. Соның себебін түсіндірейін.

Бұл – ресей экономисі, қазір АҚШ-тың Чикаго университетінің профессоры Константин Сониннің сөзі.

Ендеше кәсіби экономистің қазіргі Ресей экономикасының жағдайы мен одан шығудың жолы әрі Кремль билігінің жасап отырған апат пиғылының соңы неге әкеп соғатыны жайлы айтқан тұжырымын назарларыңызға ұсынамыз.

Константин Сонин

«Ресей 2022 жылы тұңғиық рецессияға (экономикалық құлдырау – ред.) кетейін деп тұр. Енді соғысты жалғастырудан пайда жоқ. Соғыс қаншалық жалғасса – ресей экономикасы соншалық құлдырамақ. Соншалық аяқтан тұру қиын болмақ.

Дүниежүзілік банк 2022 жылы Ресейдің ЖІӨ-і 11.2%-ға дейін құлдырайды деп көрсеткен. Ал Халықаралық қаржы институты болса, 15% құлдырайды деп болжап отыр. Ресей үкіметінің болжамынша – 8%. Болжамның әртүрлі болуы заңды. Өйткені бәрі соғыстың қашан аяқталатынына байланысты.

Егер ресей әскері Украинаның бейбіт халқын қыруды қоймаса, онда әлем елдері мұнай эмбаргосын жариялайды, анық. Онда Ресейдің жалпы ішкі өнімі 20-30%-ға дейін құлдырайды. Егер 10-15% шамасында сақталса, онда аяқтан тұруға шамалы болсын мүмкіндік бар. Бірақ Ресейдің қазіргі билігі соғысты тоқтатуға құлықты емес.

Биліктегі премьер-министр, қаржы министрі, президенттің экономика жөніндегі кеңесшісі, Орталық банкі өкілдері сынды экономисттер «халықты мына салып жатқан сакнциялар түк әсер етпейді, тұрақтылығын сақтап қалады» деп алдап отыр. Тіпті, президенттің өзін жаңылыстыруы мүмкін.

Олай емес. Бұл – өтірік. Ресей изоляцияда қалса, үш жылдан кейін аяғы аспаннан бір-ақ келеді. Қанша әскерің мен арнайы қызметің, полиция аппаратың болса да, экономикаңды мұндай ситуациядан алып шыға алмайсың.

Кремль билігі қазір Украинаға қайта басып кіруге дайындалып жатыр. Мұны жасырып отырған жоқ. Украинаның батысына дейін барып, Днепр мен Киевті басып алғысы келетінін ашық айтып отыр. Билік өз-өзін осылай ақтап алғысы келетін сыңайлы. Украинаның батысына жетіп, бұл елді жаулап алса, санкцияны жеңілдетудің амалы табылар деген ойда отыр. Бәрі бекер. Олай болмайды.

Ресей әскерінің Украинаға басып кірген әрбір қадамы жұртына санкция болып қадалайын деп тұр. Украинның қаза болған әрбір баласы мен қарты, әйелінің қарғысы Ресейді келіссөзге келуден кес-кестеп тұрып алары хақ. Басқыншылықпен ресей келіссөзге келе алмайды. Дау-жанжал одан әрі өршиді.

Онда батыстың санкциясы күшейіп, Ресейде мүлде құрдымға кетеді.

Бұдан шығар бір-ақ жол бар: ол қазір қайта басқыншылық бастамай тұрып, келіссөзге келу. Сол арқылы санкцияны жеңілдетудің амалын тауып, ел экономикасының іргесін ақырыңдап қалпына келтіру».

Шетелдегі орыс экономисі өз жұртына осылай деп үндеу жасаған екен.