Bugin

Алматыда IT-маман дайындайтын «ФИЗТЕХ» бағытында мектеп ашылмақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда ақпараттық технология мамандары аз, жетпей жатқаны белгілі. Ол жайлы жиі айтылып та жүр. Мәселен, KPMG консалтинг фирмасының дерегінше, Орталық Азиядағы IT-мамандардың жетіспеушілігі 90 пайызға тең көрінеді. Қазақстанмен шекаралас жатқан елдің бәрінде IT-маман жетпей жатыр. Мұндайда не істемек керек?

Әрине, кадр дайындап, нарықты толтыруымыз керек. «Кадр тапшылығын жоюдың ең ұтымды жолы – шетелден маман алдыру емес, оны өзіміз дайындау, маман дайындаудың іргесін қалау» деп тұжырым айтады Қазақстандағы TAMOS Education мектеп желісінің негізін қалаушы Дәурен Қаупынбаев. Маман EPG адам капиталын дамыту қорының қолдауымен жаңа «ФИЗТЕХ» мектебін ашуды ойлап отыр.

Ондағы мақсаты – қазақ еліне жас IT-мамандарды дайындап шығу. Өз нарығында үздік мектеп атану. Жаңа мектеп шығармашылық пен еркіндікке, креативті ойлау мен оқушының қызыққан дүниесін танытуға бағытталмақ. Қазақстанда тараған физика-математикалық мектептер сынды қатаң білім беру мен оқытуға негізделмейді. Дәурен Қаупынбаевтың ойынша, бұл мектептердің оқыту жүйесі қазір біршама ескіріп қалған. Пәнді бастан-аяқ талмай, аса ыждаһатпен оқыған баладан Эйнштейн шығады деп айту тағы қиын. Заманауи білім ордасы кеңестік матмектеп тоталитаризмінен құтылып, жаңаша рух пен атмосфераға құрылуы керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті математик пен физиктер, IT-мамандар шықпақ.

Ондай жаңаша мектепті құру аса қиын да емес. Силикон алқабындағы IT-компаниялардың жарлығы мен ережесінде жазылған қағидаларды алып білім ордасына енгізсе жеткілікті.

Қазақстанда құрылғалы жатқан бұл «ФИЗТЕХ» мектебі әлемнің жетекші университеттеріне оқу түсетін оқушыларды дайындап шығармақ. Оқушылар мектеп қабырғасында жүріп 2-3 сұранысқа ие IT-мамандықты игеріп шығады.

«Мұндай оқушылардың мектеп бітіре салып, жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Жұмыс істей жүріп, жоғары білімін алады», - деп түсіндірді Дәурен Қаупынбаев.

Оқушыларға аптасына 8-11 сағаттан математика сабағы оқытылады. Ал оны оқытатын мұғалімдер – Алматы қаласының үздік мұғалімдері мен Новосібір университеті жанындағы физика-математикалық мектептің мұғалімдері. Новосібір мектебін бітірген оқушылардың көбі әлемнің жетекші техникалық ЖОО-на оқуға түскен.

Ал ІТ-бағдарламалауды оқушыларға IT-компаниялардың өзі үйретпек.

Балалар таңнан кешке дейін мектепте жүреді. Түске дейін негізгі сабақтарын оқыса, түстен кейін өзі таңдаған қосымша факультатив оқиды. Сыныптағы бала 23-тен аспайды әрі сыныптың өзі баланың қызығушылығына қарай ішінара топтарға бөлінеді. Сол арқылы индивидуалды білім беріледі.

Мектептің өзі физика мен математика, бағдарлама жасауға бағытталғанымен, классикалық пәндер тасада қалмайды. Баланың жан-жақты болғаны қажет. Батыс елдерінде оқушылар күн сайын эссе жазады. Сол сияқты баланың ойын айта, жаза алатын адам боп өскені абзал. Мектепте SAT, IELTS, TOEFL емтиханына дайындық жүргізіледі.

«Мұның бәрі баланың болашағына көп көмектеседі. Оқушымыздың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түскенін, содан елімізге қажет білікті маман болып оралғанын қалаймыз», - деп сөзін түйіндеді Дәурен Қаупынбаев.