Bugin

Баян Мақсатқызы Сатыбалдының ісіне қатысты тағы бір деректің бетін ашты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

13 наурыз күні Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін-ақ, шоу-бизнестің танымал өкілі Баян Мақсатқызы бұл кландық топтың жанұясына жасаған қиянаты жайлы айтып беремін деп уәде еткен еді. Енді міне, Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдылардың ісі тергеліп жатқан тұста, бұл қылмыстық іске жаңа бір дәм беруге кіріскендей.

Сонымен, Баян Мақсатқызының айтқандары мынадай. Күйеуі Тұрсынғали Алагөзовтің сусын шығарумен айналысатын Galanz Bottlers атты компаниясын осы Сатыбалдылар тартып алған көрінеді. Нақтырақ айтсақ, рейдерлік шабуылмен тартып алған.

Компанияны қалай тартып алғанын, нақты кімдердің іске араласқанын атауға әлі ерте екенін, өйткені сот процестері жүріп жатқандықтан, құпия сақталуы тиіс екенін айтып отыр.

Дегенмен сот процестері жүріп жатса да, Сатыбалдының адамдары Алагөзов әулетіне әлі «тиісіп отырған» көрінеді.

«Өткен аптада кланның адамдары біздің өндіріс орны мен кеңсеге басып кіріп, айғай-шу, төбелес шығарды. Персоналдарды қуып шығып, компанияның кассасына бас сұқты, құжаттарды тартып әкетпек болды. Кассада ақша бар-тұғын», - дейді Мақсатқызы.

Оның айтуынша, кланның адамдары сот процесіне кедергі келтіріп, Сатыбалдыны арашалап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Әсіресе, құжаттардың көзін құртуға тырысып жатқан сыңайлы. Компанияны банкрот еткісі келеді.

«Мәселен, 17 наурыз күні компанияның бүкіл құжаты мен базасы құртып жібере жаздады. Айғақ пен дәлел заттарды жоқ қылмақ. Оны кім істегенін атымен айтып берейін. Олар – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Айдархан Бақтыбаев (адам ұрлағаны үшін сотталған бұрында), директорлар кеңесінің «тәуелсіз» директоры Талғат Мылықбаев, басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Светлана Недопряченко, бұрынғы басқарма төрағасы Ильдар Акчурин. Бұдан бөлек тағы 14 адам бар. Олардың бәрі – жалған құжатқа қол қойған адамдар», - дейді продюсер.

Оның айтуынша, қазір бұлар компанияның жұмыскерлері мен қазақстан экономикасына тікелей қауіп төндіріп тұрған адамдар.

«Егер мұндай заңсыз әрекетін тоқтатпаса, пресс-конференция ұйымдастырып, видеосы бар, фотосы бар, тың құжаттар мен мәліметтерді елге жайып саламыз», - деді Алагөзова.