Bugin

Қадыров жасағының Украинада жеңілгеніне Ресей әскерінің қуанғаны рас па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нақтырақ айтсақ, Ресей әскері емес, РФ Федералды Қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері Қадыров жасағының Украинада жеңіліп, абыройынан айырылғанына қуанған көрінеді. Мұны ресейлік Проект зерттеу басылымының журналисі Михаил Рубин Радио НВ-ға берген сұхбатына айтты.

Оның айтуынша, Ресейдің шешен басшысы Рамзан Қадыровты жеккөретіндер, оны көрсе, сұйқаны сүймейтіндер көп көрінеді. Ал Қадыр жасағының Украинада тас-талқан жеңілуі Ресейдің белді шенеуніктері мен халқының біраз бөлігін қуантып тастаған көрінеді. Өйткені шешен жасағы да, Рамзан Қадыров та елі мен әлем алдына абыройынан айырылды.

«Ресей армиясында жүрген біраз генерал Рамзан Қадыровқа тіс қайрап жүр. Аса ұнатпайды. Өйткені бұл генералдар кезінде шешен соғысында осы Қадыр әулетіне қарсы соғысты. Шешендер қаншама орыс жауынгерін мерт қылды. Ал Рамзан Қадыров болса, ресейдің талай генералының алдында тұрып, ресей әскерінің генерал-лейтенант атағын алды. Қызғаныш пен түсінбестік бар ма? Бар.  Ал орыс әскерін Қадыров бастаған шешендердің қоластына, соның қолбасшылығына жіберсе ше, не болады? Әрине, орыс сарбазы ашуға беріледі!», - деп түсіндіреді журналист.

Одан бөлек, Қадыровты ресей генералдарының қызғанатындай өз жөні бар.

«Біріншіден, Қадыровтың бүкіл республиканың бюджетін тонап жатқанын білеміз. Оны басқа губернатор мен саясаткерлер көріп отыр. Бірақ ешкім дәл Қадыровтай тонай алмайды. Ал шешен басшысына жол ашық. Не істесе де өзі біледі. Сосын... Қадыровтың әскері ешкімге де бағынбайды. Ал Ресей Федерациясының әскері болғандықтан басты қолбасшылыққа бағынуы керек емес пе?! Ал Қадырдың жасағы Рамзанға ғана қарайды. Ал ол болса, Инстаграм мен TikTok-та отырып, әскерін басқарып отыр», - дейді Михаил Рубин.

Тілшінің айтуынша, Рамзан Қадыров – өте қатыгез адам. Егер ұрыс даласында бетпе-бет кездесе қалсаңыз, дұшпаны не қарсыласын ойланбай-ақ жер жастандырар еді.

«Қадыров – өте зұлым, қатыгез адам. Оның әлеужеліде қатыгез образ жасауы тегін емес. Оған сөз жоқ. Немцовті атқан адамды Қадыров арқасынан қағып, мақтаған еді. Соны ұмытпау керек», - дейді журналист.

Айта кетейік, Михаил Рубин – Проект жобасында жүріп Рамзан Қадыровтың байлығы жайлы бірнеше зерттеу жасаған тілші.