Bugin

Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеткен Назарбаев ел алдына қайта шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет ел алдына шықты.

Бүгін, 19 сәуір күні, Елбасының ресми сайтында хабарланған ақпаратта Н.Назарбаевтың «Менің Қазақстаным – менің жерім» атты балалар шығармашылығы фестивалі аясында Тұңғыш Президент музейінде ұйымдастырылған картиналар мен қолөнер көрмесін тамашалағаны айтылған.

«Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге қатысушы жас суретшілермен сөйлесіп, музейдің тақырыптық залдарындағы жаңа экспонаттармен танысты», - деп жазды Елбасы сайты.

Азаттық радиосының жазуынша, Назарбаев Қаңтар оқиғасынан соң елдегі шараларға бармай кеткен. Жиындарға онлайн қосылып, мәлімдемелерін тек видео арқылы жариялаған. Мәселен, ол 1 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съездіне онлайн қосылған еді. Партия жиынында «Нұр Отан» атауы «Аманат» деп өзгертілген.

Бұдан бөлек Назарбаев 9 наурызда Анталия қаласына барып, дипломатиялық форумға қатысқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде де Назарбаев ұзақ уақыт халық алдына шықпай, біраз уақыт елдегі дүрбелең жайлы ешқандай пікір білдірмеген еді. Оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттер арқылы Назарбаевтың ешқайда кетпегенін, ел астанасында екенін айтып келген. Ал елде жағдай сәл тұрақталған тұста, 18 қаңтарда Назарбаев видеоүндеу жариялап, жұртты қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырған.

Сондай-ақ Назарбаевпен бірге қызы Дариға Назарбаева да елде жүрген көрінеді.