Bugin
Елбасының қызметіне биыл да бюджеттен қаржы бөлінген екен. Мұны премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
«ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының жұмысын дұрыс қамтамасыз етуге бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған», - деді Е. Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Дегенмен министр бұл қаражаттың нақты сомасын айта алмады.
«Нақты сомасын қазір айта алмаймын. Кейін арнайы сауалға ақпаратты бере аламыз», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы жылдың басында берген тапсырмаларын және мемлекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға бағытталған.
Аталған бағыттары бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр.