Bugin
«Астекс» пен «Мудараба капитал» қаржы ұйымдарына ақша салған халық кеше, 21 сәуірде қамауда отырған вайнер Мейіржан Төребаев пен оның қасындағы екі адамның жазықсыз екенін айтты. Олар тергеудің әділ өткеніне күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.
«Іс бойынша үш адам жазықсыздан жазықсыз қамауда отыр. Оның бірі - Тимур Ілиясұлы, екіншісі - вайнер Мейіржан Төребаев. Иә, біз бастапқыда оны жарнама жасағаны үшін кінәладық. Алайда оның да аузы күйгенінін түсіндік. Енді қазір қылмыстық істің бәрін бір Мейіржанға жаба салмақшы. Тергеуді жалғастыруын сұраймыз. Өз басым Әбдірахмановқа мүлде сенбеймін. Мейіржан тағы басқаларын қамап, құтылып кетпекші», - дейді жәбірленуші Ілияс Байділдинов.
Нұр-Сұлтан қаласы адвокаттар алқасының мұшесі Ерлан Макенов те оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Мейіржанның өзі де салымшы болған. 2020 жылы 29-қыркүйекте 10 млн теңге көлемінде қаражат салған. Әрине, жәбірленуші ретінде танылған. Кінәсі жоқ. Ол бала ақталуы керек», - дейді ол.
Жәбірленушілердің сөзінше, вайнерді «қаржылық пирамида құрды» деп айыптау негізсіз.
Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты Мейіржан Төребаев та түрмеден хат жазып, халыққа үндеу жасады.
«Мен, Мейіржан Төребаев, өзімнің қаржылық пирамидаға қатысым жоқ екенін айтқым келеді. Жанымда отырғандардың барлығы менің 10 тәулікке қамалғаныма аң-таң. Бұл - дәлелдің жоқтығынан. Бұрыннан отырғандар мені мұнда әдейі мойындату үшін қамауға алғанын айтады. Бұлай болмайды деп үміттенемін. Нәтижесін 10 күннен кейін көреміз», - деп жазды ол.