Bugin

Түркістан облысында нөсер салдарынан сел жүруде (видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жауын салдарынан болған жағдайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы Қазығұрт ауданының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

- «2022 жылғы 24 сәуірде жауын салдарын анықтау үшін аудан әкімі Арман Абдуллаев бастап, төтенше жағдай және арнайы мекемелер, арнайы техникалар жұмылдырылды. Қақпақ, Сарапхана, Шанақ, Қызылқия, Қарабау ауыл округтеріндегі жағдайды қалыпқа келтіру бойынша суды мотопомпа арқылы шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Арнайы төтенше жағдай қызметкерлері Қақпақ ауыл округі Заңғар елді мекені, Қызылқия ауыл округі Қызылсеңгір елді мекендерін ретке келтіру бойынша мотопомпа арқылы суды шығарғаны айтылды.

Шанақ елді мекеніндегі жағдайды қалпына келтіру үшін арнайы көліктер мен төтенше жағдай қызметкерлері тартылған. Ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылып, су кірген үйлерден мотопомпа арқылы су шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің Facebook-парақшасында кейбір ауылдардағы мал шығынының көлемі айтылған.

- «Сарапхана ауыл округі, Жіңішке елді мекенінде сел өткен. Сарапхана елді мекенінде 200-дей мал шығыны болған. Қақпақ елді мекенінде 200-ге жуық (қой, ешкі) мал шығыны болған. Қарабау елді мекенінде 15 үйді су басқан. Қызылқия ауылдық округі Тұғыртас елді мекенінде 1 үйді, Қызылсеңгір елді мекенінде 12 үйді су басқан», - делінген хабарламада.

Аудан әкімі осы жайттарды қалпына келтіру және шығындарын есептеу жөнінде шұғыл тапсырма берген.