Bugin

Француз президенті Макронның қарсыласы Путинге несие төлеп отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Францияның қазіргі президенті Эмманюэль Макронның қарсыласы, биылғы президент сайлауына түскелі отырған негізгі үміткер Марин Ле Пен банктен алған несиесін тікелей Ресейге төлеп жатыр. Бұл жайлы The Wall Street Journal басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, президенттікке үміткер Марин Ле Пеннің партиясын сайлауға қатысу мен оның үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 2014 жылы «Первый Чешско-Российский банктен» 9 млн еуро шамасында несие алған екен. Алайда 2016 жылы Ресейдің Орталық банкіне қарасты бұл банк лицензиясынан айырылып, банкрот болып жабылып қалады.

Ал банктің несие портфелін Ресейдің «Авиазапчасть» АҚ атты әскери кәсіпорны сатып алған көрінеді. Несие портфелінің ішінде Марин Ле Пеннің де кредиті кеткен. Француз саясаткері осы уақытқа дейін несиені төлемей жүрген сыңайлы.

Өйткені 2020 жылы Мәскеудің Арбитраж соты «Авиазапчасть» АҚ-ның арызын қанағаттандырып, Ле Пеннің партиясына несиені төлесін деп шешім шығарады. Сол жылы маусымда ресейлік компания мен Ле Пеннің «Ұлттық фронт» партиясы арасында несиені өтеу жөнінде келісімшарт жасалған.

Енді міне, содан бері кредит төлемей жүрген Ле Пен, басылымның жазуынша, осы айдан бастап төлей бастаған көрінеді. 9 млн еуро қарызын, өсімпұлмен бірге 12 млн еуро етіп қайтармақ. Үш айда бір рет 322 мың еуродан төлеп отырмақ. 2028 жылы несиесін толық жауып бітетін көрінеді.

Саясаткердің өзі не дейді?

Жоғарыда айтылғандай, бұл ақшаны француз саясаткері президент сайлауына қатысу үшін алған. Ле Пеннің сөзіне қарағанда, француздің бірде-бір банкі оған мұндай көлемде кредит бермей қойған көрінеді. Ал ресей банкінің ұсынған несиесі оның оң жамбасына келген. Кредиттің шарты тиімді болғанға ұқсайды. Оның үстіне, француз банктері несиені 10 жылға бермейді.

Ле Пеннің сөзінше, оған ақша қатты керек болған екен. Содан осы ұсынысқа келіскен.

Нақтырақ дерек

Ле Пеннің партиясы несиені ресей банкінен 2014 жылы орыстар Қырымға басып кіргеннен кейін жарты жылдан соң алған.

Ал несие портфелін сатып алған Ресейдің атақты әскери өндіріспен айналысатын «Авиазапчасть» компаниясы – АҚШ-тың санкциясына ілінген ұйым.

Ле Пеннің өзі – Ресейдің Украинаға басып кіргеніне сын айтқан, оны қолдамаған адам.

Бұған қатысты пікір білдіруден француздың қазіргі президенті Эмманюэль Макрон қалыс қалмады. Ол Ле Пенге «Сіз Ресейге, тікелей Путинге тәуелдісіз. Путинді сынайсыз, сөз жоқ. Бірақ Ресейдің президентіне емес, өзіңіздің банкиріңізді сынап отырсыз» деген дебатта Макрон.

Айта кетейік, Ле Пен кеше өткен Францияның президент сайлауының екінші кезеңінде 41,4 пайыз дауыс жинады. Ал Макрондікі – 58,9 пайыз.