ДЕНСАУЛЫҚ
Қазақстанның ғалымдары күйген және трофикалық жараларды емдейтін биологиялық материалды ойлап тапты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Биологиялық материалды жасауға және сынақтан өткізуге он жылдан астам уақыт кеткен. Ол табиғи коллаген мен эластин талшықтарынан тұрады және құрамы жағынан адам терісіне жақын. Оның көмегімен трофикалық жараларды, I және II деңгейдегі күйіктерді емдеуге болады.
«Бұл идея 2011 жылы пайда болды. 2012 жылы бізге білім және ғылым министрлігі тарапынан грант берілді. Ал екі жылдан кейін жобамызды сәтті іске асырдық. Артынан клиникалық зерттеулерді бастап кеттік», - дейді профессор Вячеслав Огай.
Сиырдың көкшандырын биоматериалға айналдыру үшін оны бірнеше рет өңдейді. Алдымен механикалық өңдеу жасалады. Сол кезде үлкен қан тамырлары мен майды алып тастады. Одан кейін бірнеше бөлікке кеседі. Өлшемі – 10/10 см. Өңдеудің екінші сатысында жануар жасушалары мен ДНК-ны алып тастайды. Осының бәрін жасау үшін екі аптадай уақыт қажет.
«Бізде арнайы реактивтер бар. Онымен жасушаларды шығарамыз. Одан кейін ДНК-сын алып тастаймыз. Сосын бірнеше рет тазалаймыз, жуамыз және ядролық физика институтына апарамыз. Ол жерде бета-сәулемен өңдейді», - дейді ғалым Әсел Исабекова.
Биоматериалды күйік пен жараны емдеуге ғана емес, пластикалық хирургия мен тіс имплантологиясында қолдануға болады. Клиникалық зерттеулер Алматы мен Қарағандының медициналық мекемелерінде өтті. Биоматериал I және II деңгейдегі күйіктері бар 120 пациентке салынды.
Қазіргі кезде тіркеу шаралары басталды. Ал ғалымдар халықаралық ғылыми журналдарға мақала дайындауға кірісті.