Bugin
Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде үш жылдан кейін газ тапшылығы басталуы мүмкін дейді. Мұны министр сенат сағатында айтты.
«Әлемде газға деген сұраныс артып барады. Біздің экономикамызда да газдың сұранысы жоғары. 2017 жылдан 2021 жылға дейін елімізде газға деген сұраныс 18 млрд л3 шамасында өсті. Жыл сайын шамамен, 7 пайызға өсіп жатыр. 2025 жылға таман елімізде аздап газ тапшылығы орнауы мүмкін. Егер тау-кен өндірісінің кәсіпорындарға газға өтсе, онда тапшылық мүлде артуы ықтимал», - деп түсіндірді Ақшолақов сенаторларға.
Газ қоры жағынан Қазақстан әлемде 22-орында. ТМД елдері ішінде Ресей мен Түркіменстаннан кейін үшінші орында.
Ал сенат депутаты Ерік Сұлтанов болса, ерте ме, кеш пе елімізде бәрбір газ бағасының қымбаттайтынын айтады.
«Ішкі нарықтағы бағаны ұлттық оператор «QazaqGaz» компаниясы субсидиялайтыны белгілі. Ендеше экспорт азайғанда табыс кеміп, ішкі нарықтағы баға шамамен 60 пайыз өсуі мүмкін. Газ тарифінің көтерілуінен құтыла алмайтынымызды ашық айту керек. Сол себепті газ тартылмаған өңірлерді газдандыра алатынтай, әлеуметтік осал топтарға қолайлы баға ұстап тұра алатындай тариф белгілеудің оңтайлы тетігін анықтау маңызды», - деп түсіндірді сенатор Ерік Сұлтанов.