Bugin

Ресей армиясының Киевті ала алмауына беларусьтар кінәлі – БАҚ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей армиясының Украинаның астанасы Киев қаласын жылдам басып ала алмауына, түптің-түбінде орыс әскерінің жеңілуіне беларусьтер себеп. Осылай деп жазады АҚШ-тың The Washington Post басылымы.

Басылымның жазуынша, Ресей әскері алғаш Беларусь аймағына еніп, топтаса бастаған сәтте, әйтеуір соғыстың боларын сезген әрі бұған іштей қарсы болған топтар арнайы, жасырын партизандық желі құрған көрінеді. Яғни, беларусьтің хакерлері мен қауіпсіздің органының бұрынғы қызметкерлері және теміржолшылар бірігіп, партизандық күрес жүргізуге серттескен сыңайлы.

Ресей армиясының Киевке қауырт шабуылдап, шұғыл басып аламыз деген жоспарын да осы партизандық желі құртқан. Басылымның жазуынша, құпия топтың істеген ісі өте қарапайым, бірақ Ресей әскері үшін зардабы зор болған.

Ең қызығы да сол – беларусь партизандары бұл әдісті Екінші дүниежүзілік соғыста да қолданған. Неміс әскері теміржолмен азық-түлік және әскери техника тасымас үшін беларусьтер рельстерді жарып, теміржолдың тұйық тораптарын жауып тастап отырған.

Ал бұл жолы теміржолдың рельстерін жарған жоқ. Хакерлердің арқасында Беларусь пен Украина шекарасындағы теміржол торабының ақпараттық желісіне ұрланып еніп, пойыздардың жүріп-тұруына кедергі жасаған. Соның кесірінен пойыздар тораптан не кете алмай, не жете алмай, зар болғанға ұқсайды.

Ал орыстар теміржолмен Украина астанасы Киев түбіне әскери техника мен азық-түлікті жылдам жеткізбек болған. Алайда теміржолдар бұғатталып қалғандықтан, әскери техниканы жолмен айдауға тура келген.

Басылымның жазуынша, Ресейдің әскери техникаларының Киевтің түбінде колонна-колонна болып тұрып қалуына да осы себеп болса керек.

«Партизандар Ресейдің теміржолға тәуелді екенін ерте сезген. Орыстар украина тарабындағы теміржол желісін қалпына келтіре алмады. Содан азық-түлік пен әскери техникасын да дер кезде жеткізе алмай қиналды. Содан жаяу кетуге тура келді», - деп түсіндіреді Лондондағы RUSI атты талдау орталығының ғылыми қызметкері Эмили Феррис.

Басылым беларусь партизандарының бұл күресі «екінші рельс соғысы» деп баға берген. Біріншісі жоғары айтылғандай, Екінші дүниежүзілік соғыста жасаған ерлігі.