Bugin
Олигарх Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі ірі фирма мемлекеттік меншікке өтті. Нақтырақ айтсақ, Алматыдағы ақылы көлік тұрағын ашумен айналысатын атақты «Alan Parking» ЖШС-і енді Боранбаевтің иелігінде емес. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Монополияны жою және Алматы қаласы әкімдігі шеккен залалды қайтару мақсатында «AlanParking» ЖШС-ін толықтай, ал «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70 пайызын әкімдік меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті. Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда аталған компаниялардағы үлестерді қайтару туралы қаулы қабылдады», - деп хабарлады баспасөз.
Аты аталған компаниялардың бірі, яғни, «AlanParking» ЖШС-і олигарх Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі компания. Компания ақылы көлік тұрақтарын орнатып, содан ақша жинаумен айналысады.
«Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалада көлік тұрағын орнату, ауланы абаттандыру бойынша тұжырымдама әзірленеді. Көпқабатты көлік тұрақтары да ашылуы мүмкін. Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу жүргізіліп жатыр», - деп ақпар таратты баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазір Қайрат Боранбаев қамауда жатыр. 15 наурыз күні ұсталған.
Қайрат Боранбаев – Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, Айсұлтан Назарбаевтың жары Алима Боранбаеваның әкесі. Нақтырақ айтсақ, Дариға Назарбаеваның құдасы.
Боранбаевтың Қазақстанда бірнеше бизнесі бар. Солардың бірі – ақылы авотұрақпен айналысатын AlanParking компаниясы. Компанияның арестке алынғаны 14 сәуір күні белгілі болған.
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-і де Боранбаевтікі деген сыбыс бар.