Bugin
Ресей әскерінің Украина басып кіргеннен беріп қолданып жатқан тактикасына таңқалмасқа болмайды. Нақтырақ айтсақ, осыншама мол ресурс пен әскери күшті ақылмен қолдана алмай жатқаны таңқалдырады. Осылай дейді Аустрияның әскери сарапшысы Том Купер НВ Радиосына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Ресейдің әскері сөзсіз қуатты, бірақ істен гөрі сөзі көп бәрібір.
«Ресей армиясының Сирияда қалай тактика қолданғанын қарап, біраз зерттеген адаммын. Орыс әскерінің тактикасы біреу-ақ: ең алдымен артиллерриялық ауыр соққылар жасайды да, «бәрін қырдық, бәрін жойдық» деп көпіріп сөз сөйлеп, пропагандаға басады. Шындап келгенде, нақты іс жоқ. Миллиондаған адамдарды бомбалағаннан басқа ештеңе істемейді. Украина – дәл соның дәлелі», - дейді сарапшы.
Купердің айтуынша, ақыры Украинаға басып кіруді жоспарлаған екен, ендеше орыс әскері бүкіл қаһарын жиып алып, соғысқа аттанар деп ойлаған көрінеді.
«Бірақ олай болмады. Иә, Украинана жатып келіп бомбалады. Бірақ жаяу әскер неге қаһарына мінбеді? Әсіресе, мені таңқалдырған мына жайт. Украина – алып мемлекет, аумағы кең. Соны біле тұра орыстар неге аз әскермен келген. Қосымша әскер – екінші эшелон деген мүлде жоқ. Қайда қосымша күш?! Соғысқа дайындалған әскер екінші эшелонмен келмей ме? Негізгі әскери күш болдырған кезде, екінші эшелонды іске қосып, көп нәтижеге жетуге болар еді ғой. Қазіргідей көп шығыны болмас еді. Украинаның аумағы кең. 500 шақырымға шеп құрып, 200 батальон орналастырсаң да, тактикалық күшке ие бола алмайсың. Ресейге қосымша күш пен солдат, жауынгер жетпей жатыр», - деп түсіндіреді Купер.
Том Купер
Сарапшының айтуынша, қазір Ресей әскерінің қолында 70-80 ғана батальон қалды. Соғыс басталғанда 120 батальонмен келген. Оның 40-50 батальонының талқаны шықты. Олар Ресейге қайтып кетті.
«Енді орыстар өлсе де, 200 батальон шығара алмайды. 80 батальонын аман алып қалса, соған шүкір десін. Осыдан кейін Ресей әскерінен қалай жеңіс күтеміз. Украин әскері, әрине, орыстарды тойтарып жатыр. Бірақ зор, қуатты соққы беретіндей әл-ауқаты болмай тұр. Украина Қарулы күштері орыс әскерінің тағы біраз батальонын талқандауы тиіс. Бірақ қолынан келмей жатыр. Қару жоқ, қуатты жарақ жоқ. Орыстардың әлі шабуылдап отырғанына да себеп – осы. Егер Қытай орыстарға көмектессе, соғыс айлап созылары анық», - дейді Том Купер.
Сарапшының айтуынша, украин әскері де көп шығынға ұшырап жатыр. Украина билігінің ресми дерегі қате боп шығуы ғажап емес.
«Киев түбінде 10 мың, 15 мың, тіпті 20 мың әскері жер жастануы ғажап емес. Оны соғыс біткесін білеміз. Мариуполь гарнизонында 7 мың әскері болған деседі. Қазір оның 3 мыңы ғана қалды», - дейді Купер.