Bugin
Украинада таңғы уақытта қандай оқиғалар орын алды. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Украина шекарашылары Сумы облысын атқылағанын хабарлады
Алғашқы 15 снаряд жарылысы Конотоп аймағындағы Ровне ауылында тіркелді. Артынша сол жерде қарумен оқ атылған. Ауыр қару-жарақ снарядтарының екі жарылысы сол аймақтағы Бунякино мен жаңа Слобода ауылдарының арасында болды, деп хабарлады Украинаның Мемлекеттік шекара қызметі.
Польшаның премьер-министрі Украинаға танк беретінін хабарлады
Варшава Киевке танктерді берді ме деген сұраққа Польша үкіметінің басшысы Матеуш Моравецкий: «Иә» деп жауап берді. Алайда Моравецкий Украина жағына қандай танк және қаншасы берілгені туралы толық мәлімет бермеді.
Байден АҚШ-тың Украинадағы жаңа елшісін тағайындады
Президент Джо Байден 2019 жылдан бері АҚШ атынан Словакияда өкілдік етіп келген Бриджит Бринкті Украинадағы жаңа елші етіп тағайындады, деп хабарлады Ақ үй.
Бринк бұған дейін Сербия, Кипр, Грузия және Өзбекстанда, сондай-ақ Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеген.
«Украинаның оңтүстігінен кету жоспарда жоқ» - Ресей Сыртқы істер министрлігі
Мәскеуде Херсонда референдум дайындалып жатқаны туралы ақпарат жоқ, деп мәлімдеді Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко.
- «Мен ештеңе естімедім», - деді Руденко.
Ұлыбритания украиналық тауарларға салынатын баж салығын алып тастады
Ұлыбритания үкіметі Ұлыбритания мен Украина арасындағы еркін сауда келісімі аясында Украинадан келетін барлық тауарларға баж салығын нөлге дейін төмендететінін хабарлады.
- «Украинаның негізгі экспорттық тауарларына, соның ішінде арпа, бал, консервіленген қызанақ және құс етіне салынатын баж салығын алып тастау украиналық бизнес пен өндірушілерге көмектеседі», - деді Ұлыбританияның халықаралық сауда департаменті.