БІЛІМ

БҒМ мәлімдеме жасады: Алтын белгі мектеп рейтингісіне әсер ете ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Алтын белгі» төсбелгісі мектептің білім деңгейіне еш әсер етпейді. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болу және емтихан тапсыру тақырыбына арналған тікелей эфир өтті.

Эфир барысында «Алтын белгі» мектеп рейтингісіне әсер ете ме? Сондай-ақ «Егер «Алтын белгіге» үміткер оқушы төмен баға алса, онда білім берген мұғалімнің санаты төмендетіледі» деген әңгіме тарап жатыр. Бұл рас па?» - деген сауал қойылды.

«Сауалда айтылған дүние шындыққа жанаспайды. Ондай тәртіп, ереже жоқ. «Алтын белгі» мектеп рейтингісіне әсер етпейді. Аталған төсбелгіге үміткер болу және иелену тек қана оқушының білім көрсеткішіне байланысты. Оқушы үмітті ақтамаған жағдайда мұғалімге ешқандай талап, міндет қойылмайды. Министрлікте ондай құжат жоқ», - деп жауап берді Шолпан Каринова.

Вице-министрдің айтуынша, мұғалімдерге санат берудің өз талабы мен міндеті бар.

«Әрине, мұғалімнің санаты өскен сайын, оның білім беру процесін ұйымдастыруына талап та арта түседі. Аттестаттау кезінде мұғалімнің жеке жетістіктерімен қатар, оқушыларының да жетістігі есепке алынады. Бірақ, мәселе тек «Алтын белгіге» қатысты емес», - дейді ол.