Bugin

Путиннің соғыс бастауына Қазақстандағы жағдай себеп болды – әскери сарапшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

РФ президенті В.Путиннің Украинаға соғыс ашуының негізгі себебі – биліктен айырылмаудың амалы. Көрші елде демократия орнап өркендегенін көре алмады. Ондай еркіндік ертең Ресей халқын да оятып, өзіне қарсы бас көтерерін ұқты. Сол себепті көрші демократияны жөргегінде тұншықтырғысы келеді.

Осылай деді Аустрияның әскери сарапшысы Том Купер НВ Радиосына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Путиннің бар мақсаты – Ресейді барынша ұзақ билеу, диктаторлық жүйесін сақтап қалу.

«Соғысты бастауына да осы себеп. Беларусь пен Қазақстанда болған (Қаңтар оқиғасы - ред.) дүмпу-көтеріліс Путинді шошытқаны анық. Украинаға соққы жасауының себебі де сол – демократияға қарсы екенін көрсетудің амалы болды. Демократияны таңдаған елдің тағдыры осылай болады дегендей сыңай танытуды көздеді», - деп түсіндіреді Том Купер.

Сарапшының айтуынша, Путиннің ядролық қару қолдануы екіталай.

«Біріншіден, ядролық бомбаны жаруға бұйрық беру – ауыр саяси шешім. Екіншіден, Путинге бағынған элитаның мұндай қадамға баруы қиын. Сол үшін жауапкершілік пен қарғыс арқалағысы келмес. Кеңес одағының өзі екі рет ядролық соққы жасауға бел буып, бұйрық берген. Біріншісі – 1961 жылы Куба дағдарысы кезінде, екіншісі – 1975 жылы теңіз флотында жаппай көтеріліс болған сәтте. Бірақ екеуінен де түк шықпады. Себебі бұйрық орындаушылардың батылы жетпеді, кнопканы басудан бас тартты. Путин мұны жақсы біледі. Сондықтан ядролық қаруға қол жүгіртеді деп ойламаймын», - дейді Купер.

Оның үстіне, Путин ядролық зымыранды дайындауға бұйрық бергенде, НАТО қатты шошып, жалма-жан тексеруге кірісті. Бірақ Путиннің зымыранды дайындағаны жайлы нақты дерек таппады.

«Путин Батысты тағы да алдады. Қолынан келері сол ғана. 22 жыл бойы билікті шантажбен ұстап отыр. Одан басқа амалы да жоқ», - дейді сарапшы.

Ресей армиясының тактикасына таңқалмасқа болмайды – Әскери сарапшы