Bugin
Қазақстан Үкіметі жеңілдетілген автонесие бағдарламасын бекітті. Мұны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков мәлім етті. Бұл жайлы ҚазАқпарат ХАА жазды.
«Қазіргі уақытта жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асыру үшін «Жасыл даму» АҚ-дан қажетті қаражатты аударуға байланысты процедуралар жүргізіліп жатыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, елімізде 2015 жылдан бері жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жұмыс істейді.
2021 жылдың мамырына дейін 82 млрд теңге бөлігіп, осы жылдың 31 наурызындағы деректерге сәйкес, аталған сомаға 30 мың көлік сатып алынды және 162 млрд теңгеге займ берілді.
«Жеңілдетілген автонесие алуға ниет танытушылар тарапынан сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, екінші деңгейлі банктер жаңа өтінімдер қабылдап жатыр. Бірақ, қаражат олардың босауына орай берілетін болады. Бағдарлама Халық банк, Еуразиялық банк, Jýsan Bank, Центркредит банк және Форте банк сынды екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады», - деді комитет төрағасының орынбасары.
Бағдарламаның негізгі шарттары мынадай:
- Бір жеңіл автокөлікті қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден аспайды;
- Бір заемші екі жылдың ішінде бір рет қана автокөлікті жеңілдетілген несиемен ала алады;
- қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;
- бастапқы жарнасы 0%;
- көлік құралының құны 15 млн теңгеден аспауы қажет.