Bugin
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында блогер, экономист Дәулет Мұқаев алдағы уақытта жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылуы мүмкін екенін айтты. Бұл жайлы Baq.kz жазды.
Брифингте тұрғын үй бағдарламалары мәселесіне қатысты қойылған сұраққа алдымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілі жауап берді.
Бүгінгі бағдарламада халықты баспанамен қамтамсыз ету мәселесі қарастырылмаған. Бірақ министрлік баспанамен қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтан шыққан және қарапайым азаматтарға да. Мысалы жақын арада (жазда – ИИДМ) 7-20-25 бағдарламасының логикалық жалғасы ретінде қосымша бағдарлама шығады, - деді ИИДМ өкілі.
Ол алдағы уақытта осы жоба бойынша ақпараттар жарияланатынын айтты.
Сонымен қатар блогер Дәулет Мұқаев та өз пікірін қоса кетті.
Баспанаға қатысты ойымды айтып, бағыт беріп жүргендердің бірімін. 20 мамыр күні Сенат қабырғасына шақырып жатыр. Әсіресе жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша ұсыныстар талқыланады. Ойымда жүрген дүниелерді жаздым. Бүгін өзімнің Instagram әлеуметтік парақшамда осы мәселені жазамын. Ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Өйткені республикалық деңгейде жастарға, жас отбасыларға мүмкіндік беретіндей мәселені қарастырады. Әрине оған уақыт керек. Уақыттан бұрын нақты ұсыныстар керек. Сондықтан бұл мәселені халықпен бірге талқылап, керектілерін іріктеп, жоғары жаққа ұсыныс беруіміз керек. Осы ретте жас отбасыларға арналған бағдарлама алдағы уақытта шығып қалуы мүмкін, - деді Мұқаев.