Bugin
Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Қытай Халық Республикасына «Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін мемлекеттің бірі» болуға ұсыныс жасады. Бұл жайлы ол қытайдың Синхуа агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Киев билігі қазір БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдерден қауіпсіздік кепілін алудың жолдарын қарастырып жатыр. Қытай елі де кеңеске мүше болғандықтан, оған да ұсыныс жасамақ. Украина министрінің айтуынша, бұл ұсыныс Қытайға деген сенімді білдіреді әрі Киев-Бейжің билігінің бір-біріне деген құрметін арттырмақ.
«Қытай елінің Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік берген мемлекеттердің бірі болғанын қалаймыз. Бұл біздің ҚХР-сына деген сеніміміз», - деп түсіндірді Кулеба.
Министрдің айтуынша, егер Қытай гарант болуға ниет білдірсе, онда Ресейдің басқыншылық саясатына әжептәуір соққы болмақ.
«Ресей басқыншылықты доғарса, Еуропа құрлығында бейбітшілік орнап, жағдай тұрақталмақ», - деді Украина Сыртқы істер министрі.
Айта кетейік, 29 наурыз күні Түркияда өткен Украина-Ресей келіссөзінде Украина «егер бізге әлемдік державалар қауіпсіздігімізге кепілдік берсе, қару-жарақтан бас тартамыз» деп мәлімдеген. Кепілгер елдердің тізіміне Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Франция, Түркия, Германия, Канада, Польша мен Израилді қосқан. Украинаға қауіп төнсе, осы елдер көмекке жұмылуы мүмкін.
Бұл ұсынысты Түркия ойланбай қабыл алды. Басқа мемлекеттер ойланып жатыр.