Bugin

Қазаққа келін болған кәріс қызы зейнет жасында ұлттық мәдениетті дәріптеп жүр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында түрі бөлек болса да тілегі бір жандар ортақ шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп жатыр. Олар қазақтың тілі мен салт дәстүрін насихаттап, руханияттың жаршысы болуда. Соның бірі Элла Ким зейнеткер болса да, әжелер ансамблін құрып, қазақтың өнерін дәріптеп жүр, деп жазады Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Элла Ким 63 жаста. Бидайық ауылына 18 жасында келін болып түскен. Элла апа әндете жүріп, үйдің де, түздің де жұмысына үлгереді. Ата-енесі қалдырып кеткен құрықты өмірлік жары Қайролла Шибкенов екеуі мығым ұстап, жеке шаруашылықтарын дөңгелетіп келеді.

Ерлі-зайыптылар 3 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 10 немеренің ата-әжесі. Қазақ отбасына алғаш келін болып түскенде қос тараптың да ата-анасы қарсы болыпты. Бірақ Элла Ким үлкендердің сеніміне селкеу түсірмей, ауылдың қара қазанында қайнап, барлық жұмысты үйіріп әкеткен.

«Әкем басында жылады. Ауылды жерге келін болып, қазаққа қалай тұрмысқа шыққалы жатырсың деп. Салт-дәстүрді білмейсің деп уайымдаған болатын. Мен болсам, «Папа, уайымдама. Жігітім жақсы. Шарап ішпейді, шылым шекпейді» деп жұбатқан едім. Атам мен енем де қарсы болды. Бірақ үлкен атам болды. Сол кісі «Ештеңе етпейді. Келін жақсы болса барлығын үйренеді әлі» деп айтқан. Бастапқыда шынымен қиын болды. Мен сиыр сауа алмайтынмын. Енем бір-екі рет көрсетті. Содан біртіндеп үйреніп алдым. Алты сиыр сауатынбыз сол кезде», - деп еске алады Элла Ким.

Элла Ким - Саран қаласының тумасы. Әкесі Ким Тян-Сен Өзбекстаннан көшіп келген. Бірнеше жыл қыр астында қара алтын өндірген шахтер. Кенші Саран шахтасында учаскі басшысы болып еңбек еткен. Ал анасы сауда-саттықпен айналысыпты. Отбасымызбен Қазақстанға көшіп келгенде ешкім бізді жатсынбады. Қазақ пен кәріс ұлтын біріктіретін де осы кішіпейілдік дейді ол.

«Кәрістер тамақты да, кез келген затты да екі қолымен береді. Қазақтарда да солай. Салт дәстүрлеріміз ұқсас келеді кей кезде. Маған қазақтың дәстүрлерінен тұсау кесер ұнайды. Себебі сәбидің алғашқы қадамдарын көру үлкен қуаныш», - дейді Элла Ким.

Элла апа халқымыздың жөн-жоралғысын қазақтан кем білмейді. Ұлттық тағамдар үнемі дастарханынан табылады.

Сонымен қатар Элла Ким «Әжелер» ансамбліне жетекшілік етеді. 7 жыл бұрын құрбысы Бибінұр Кейкенова екеуі ауылдағы өнерге жақын қариялардың басын бір арнаға тоғыстырып, шығармашылық жолды бастап кеткен.

Ансамбль құрамындағы әжелердің ең жасы 60-та болса, ең үлкені 70-ті алқымдаған. Аптасына екі рет мәдениет үйіне келіп, мемлекеттік маңызды шараларға дайындалады. Тіпті жаңа жылдық кештерде түрлі кейіпкерлердің маскасын киіп, балалардың көңіл-күйін көтеруге үлес қосады.

Ол Жезқазған музыкалық колледжінде білім алып, хореограф ретінде Бидайықтың балаларын биге баулыған. Осы ауылдың мәдениет үйіне жетекшілік етіп, қазақ өнерін дамытуға еңбегі сіңген.