Bugin
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Будапештке сапары барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары, «Жаңа Қазақстанды» құру бағыты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды, деп жазады Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосы мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Барани Василенкомен бірге екі министрлік арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді.
«Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екіжақты іс-шаралардың кестесі, оның ішінде Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға алдағы жұмыс сапары және жоғары деңгейдегі байланыстар қаралды», - дейді СІМ баспасөз қызметі.
Василенко екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына және «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі реформаларға арналған «дөңгелек үстел» жұмысына қатысты.
«Мажар спикерлері әріптестіктің 30 жылы ішінде қол жеткізілген екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі саяси реформалардың жаңа бағытына қолдау білдіріп, «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі президенттік бағдарламаның өзектілігін атап өтті», - деп нақтылады министрлік.
2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 138,7 миллион долларды құрып, 2020 жылғы көрсеткіштерден 19% асып өтті. Қазақстандық өнімнің Мажарстанға экспорты 15,4 миллион долларды (40% - ға өсу), ал Қазақстанға мажарстандық импорт - 123,3 миллион долларды құрады (өсім 16,3%).