Әлем
Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов Ресеймен болып жатқан соғыстың екі сценарий бойынша аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оның айтуынша, соғыс Ресей Федерациясы бөлінген жағдайда немесе басшылық ауысқан кезде аяқталуы мүмкін. Бұл туралы ол «Новое время» журналына берген сұхбатында айтты.
Бірінші сценарий бойынша - Ресейдің үш немесе одан да көп бөлікке бөлінуі. Ал екіншісі – ел басшылығының ауысуы. Бұл жағдайда Ресей Федерациясының аумақтық тұтастығы салыстырмалы түрде сақталады.
Оның пікірінше, екінші сценарий орын алған жағдайда, жаңа басшы Ресейдің қақтығысқа еш қатысы жоқ екенін, бұл соғыс диктатордың істеген әрекеті екенін айтады. Сонда Ресей өзі алып жатқан барлық аумақтан – Жапония аралдарынан бастап Германияға жататын Кенигсбергке дейін бас тартады.
«Бұл жерде екі жол бар. Ресейдің әскери-саяси басшылығының басым бөлігі мұны біледі. Сондықтан ресми риторикаға қарамастан, батыс елдерімен диалог орнатуға деген талпыныс байқалады. Алайда бейресми тұрғыда олар өздерінің атақ-абыройын жоғалтып алудан қорқады. Сонымен қатар олар бұл жағдайдың немен аяқталатынын біліп отыр», - дейді Буданов.
Айта кетейік, Бас барлау басқармасының басшысы Украинаның жеңіске жететініне сенетінін айтып өтті.