Әлем

Венгрия Ресейдің Украинаға басқыншылық жасайтынын білген бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басқыншылық жасауға дайындалып жатқанын Венгрияға ескерткен, ал Будапешт Украина жерінің бір бөлігін иемденіп алудан дәмелі болған. Бұл туралы Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов ұлттық телемарафон эфирі кезінде мәлімдегенін ТСН жаңалықтар арнасы оның сөзіне сілтеп жасап хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.

Данилов бұл мәліметті қайдан алғанын айтпады. Ол әлгі сөзін Украинаның НАТО-ға ену мүмкіндігі жөніндегі сауалға жауабында айтты. «Бұл ел үшін осы соғыстан кейін қандай салдар болатынын көреміз» деді Данилов. Бұл мәлімдемені жаңалық тарап жатқан кезде Будапешт оған байланысты ешқандай түсініктеме бермеді.

Венгрия – Еуропа одағы мен НАТО ұйымына мүше ел.

Ресей Украинаға шабуылын бастағалы бері Киев пен Будапешт арасындағы қарым-қатынас әжептәуір салқындап кетті. Дегенмен оның алдында да екі мемлекеттің арасында алауыздық бары байқалған. Будапешт Киевті Украинаның батысында тұратын ұлты венгр азаматтарға қысым жасап отыр деп кінәләса, Украина билігі Виктор Орбан үкіметін Закарпатье аумағында төлқұжат таратты және Кремльмен ауыз жаласты деп айыптайды.

Украинадағы соғыс тақырыбы сәуірдің басында Венгрияда өткен парламент сайлауында Орбан мен оппозиция арасындағы басты талас-тартысты мәселелердің біріне айналған.

Оппозиция премьер-министрді Мәскеумен ынтымаққа барғаны үшін ұлт мүддесін сатты деп айыптаса, бұған жауап ретінде Орбан «Будапешті Украинадағы соғысқа тартып, араластырмақшы» деген қарсы уәж айтумен болған. Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Орбан осы жолғы сайлау барысында өзге бақталастарымен бірге іс жүзінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен де күресуіне тура келгенін мәлімдеген еді.

Данилов Киев Мәскеумен арадағы бейбіт келісімге қол қоя алмайды деп санайтынын мәлімдеді. «Ресеймен біз тек оның сөзсіз тізе бүгуі (жөніндегі) келісімге ғана қол қоя аламыз» деді ол телемарафон кезінде.