Bugin
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров италья телеарнасына сұхбат беріп отырып, Израиль жұртының ар-намысына келер сөз айтып қалды. Лавров Украина президенті Владимир Зеленскийді «ұлтшыл» деп атап, оның тегінде еврей қаны барын тілге тиек етті.
«Зеленский менің тегім – еврей, украин емеспін деп өзін ұлтшылдықтан ақтап алғысы келеді. Айтар аргументі – осы. Біле білсеңіз, нацист Гитлердің де қаны – еврейтектес болған. Еврейден шыққан еврей ғана өз тегіне қарсы шықпақ. Өз жұртын өзі қырып тастады. Атаға тартып тумай қалған бір құмалақ шіріктер бүкіл жерде бар», - деген сыңайда пікір айтты Лавров.
Ресей министрінің бұл сөзі Израиль жұртының ашуын келтірді. Нацист Гитлер мен одан қайғы-қасірет шеккен еврей халқын бір деп тану Израиль елінің намысына қатты тисе керек.
Изарильдің Сыртқы істер министрі Яир Лапид «Лавров әдепсіз қылық танытты, тарихқа қиянат жасады» деп, еврей жұртынан кешірім сұрауын талап етті.
«Гитлердің тегі еврей болған деу – еврей жұртына жасалған нағыз қиянат. Еврей өз-өзін қырған деген жалған түсінік пайда болмақ. Еврейдің босып кетуіне нацистер кінәлі. Еврей халқының қырылуына солар жауапты», - деп жазды Лапид Twitter-де.
Ал Израиль елінің Байланыс министрі Йоаз Хендель Лавровтың неге мұндай сөз айтқанын былай түсіндірді.
«Лавров ресей билігінің Украинаға жасап жатқан жауыздығын ақтап алу үшін осындай қиянатқа барды», - деді ол.
«Лавровтың сөзі ақылға сыймайды. Бұл – надандық. Гитлердің тегі еврей деу бүкіл Холокост трагедиясын жоққа шығарумен тең. Тарихты бұрмалау бұл. Зеленскийді еврей деп танып, оны да ұлтшыл деу – бізге қарсы айтылған мәлімдеме», - деп пікір білдірді Израильдегі Хоколост ұлттық мемориалының басшысы Яд Вашем Дани Даян.
«Лавровтың мына мәлімдемесі Ресейдің қазіргі кейпін ашып берді. Ресей өзін ақтап алуға тырысып бағуда», - деп пікір білдірді Украина президент кеңсесінің басшысы Михаил Подоляк.