Bugin

Министр мәлімдеме жасады: Жеңілдетілген автонесие қашан беріледі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халықты жеңілдетілген автонесиелеу жұмыстары қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Автонесие шарттары бекітілді. Тек бекітілгеннен кейін заң бойынша 10 күн тіркеуден өтуі керек. Біздің құжаттар толығымен 15 сәуірде бекітілген, тиісінше Экология министрлігі де құжаттарды 24 сәуірде бекітті. Бірақ тіркеуден өту секілді рәсімдер шамамен 10 күнге созылады», - деді ҚР Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, 6 мамырға дейін қаражат Өнеркәсіпті дамыту қорына аударылады.

«Бұл - «Бәйтерек» қорының акционерлік қоғамы. Бәйтерек қоры, Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қоры өзі жұмыс істейтін банктермен шарт жасасуға тиіс. Осыдан кейін олар аталған банктердің шотына ақша аударуы керек және банктер жұмысқа кірісуі керек. Оған қанша уақыт кететінін әр банкпен жеке анықтаймыз. Әзірге бірнеше банкпен уағдаластық бар. Олармен келісім жасалды, қазір бұл жұмыс пысықталып жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар ҚР Экология, геология және су ресурстары министрі Серікқали Брекешев утилизациялық алымның сомасын азайту бұйрығы қашан күшіне енетінін айтып өтті.

«Бұл бұйрық бүкіл мемлекеттік органдармен келісілді және Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберілді. Әділет министрлігінен шыққан соң белгілі болады», - деді министр.

Айта кетейік, Экология министрлігі баспасөз қызметі утиль алымын 50 пайызға дейін төмендету бұйрығы 11 мамырда күшіне енетінін хабарлады.