Bugin
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әуежайлар мен вокзалдарда жоғары лауазымды шенеуніктерді тексеруді алып тастау туралы бұйрықты қайта қарау қажет деген пікірмен келісетінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстандықтар әуежайлар мен вокзалдарда жоғары лауазымды шенеуніктерді тексеруді алып тастау туралы бұйрықты талқылап жатыр. Бұл тізім 2014 жылы бекітілген. Қаңтар оқиғасы шенеуніктер мен қарапайым халықтың арасындағы алшақтық неге әкелгенін көрсетті. Қалай ойлайсыз, мемлекеттік қызметшілерге осындай артықшылықтар қажет пе?», - деп сұрады журналист министрден үкімет отырысынан кейін кулуарда.
Өскенбаев бұл бұйрық бұрын да болғанын, қазір оған қайта қол қойылғанын айтты.
«Көптеген сұрақ туындап жатыр. Шынымен де, оны қоғамдық талқылауға шығарып, қай лауазымды қалдыру керек, қайсысын қысқарту керегін көру керек шығар. Алдағы уақытта көреміз.
Бұл ертерек қабылданған шешім, біз тек бұйрықты қайталадық. Бірақ бұл - әлемдік тәжірибе. Қай лауазымдарды қалдыру керегін көреміз. Расында да, қысқартуға болатын лауазымдар бар шығар. Әлемде қабылданған ең төменгі деңгейді қалдырамыз», - деді Өскенбаев.
Айта кетейік, осы бұйрық қолданылатын тұлғалар арасында Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, премьер-министр мен министрлер, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің дипломатиялық персоналының мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері және басқалар бар.