Bugin

«Балалар жылының жоспары өзекті проблемаларды шешу емес, есеп беру үшін жасалғандай» - депутат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева Балалар жылын өткізу жоспарындағы шаралардың санын азайтуды ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында депутат Динара Зәкиева Президент 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағанын еске салды.

Оның айтуынша, жоспардың 70 пайызы - шығармашылық байқаулар, жиындар мен слеттер, акциялар өткізуге, одан қалса, бұрыннан жоспарда бар мектеп ашу, мектеп салу туралы ұсынымдар беру сияқты шаралармен толтырылған.

«Мысалы, жыл сайын өтетін «Балдәурен» жазғы лагерь маусымын жеке бір пункт ретінде енгізіп қойған. Жоспар елдегі балаларға қатысты өзекті проблемаларды шешу үшін емес, ертең «50 шара жоспарланған еді, соның 50-і де орындалды» деп есеп беру үшін ғана жасалған сияқты әсер туындап отыр. 100 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған жоспар өңірлерде де осындай тәсілмен жасалғанға ұсайды. Әр өңірге 3 млрд теңгеден 32 млрд теңгеге дейін көзделген», - деген Мәжіліс өкілі Қостанай облысын мысалға келтірді.

«Қостанай облысына Балалар жылын өткізу жоспарының 7 бағыты бойынша 57 формалды шараны өткізу үшін 13,2 млрд теңге бөлінді. Шымкентте жыл басынан бері 4 ай өтсе де, Балалар жылына бюджеттен ақша бөлу мәселесі әлі қаралып жатыр. Биыл қаражаттың бәрін Балалар жылына топтастырып бағыттауға болмас па еді деген сұрақ туындайды. Соның аясында мектепте балаларды тегін ыстық тамақпен, жазғы лагерьмен қамту, ауылдарда оқушылар сарайы мен спорт нысандарының тапшылығын шешу сияқты өзекті мәселелерді шешуге болар еді. ҚР Білім және ғылым министрлігі неге бала құқықтарын қорғау жөніндегі өкілетті орган ретінде бұл бағыттағы жұмыстарды неге үйлестірмеген? Осы айтылғандардың бәрін ескеріп, Балалар жылын өткізудің іс-шаралар жоспарын қайта қарауды ұсынамыз. Шаралардың санын азайтып, қаражатты нақты проблемаларды шешуге бағыттау қажет», - деді депутат.