Қоғам

«Орал, Павлодарды Ресейге берейік» деген желі қолданушысы сотталуы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті әлеуметтік желіде дау тудырған желі қолданушысының үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлады, деп жазады Bugin.kz порталы abai.kz сайтына сілтеме жасап.

Максим Яковченко атты желі қолданушысы Қазақстанның бірқатар қалаларын Ресейге беріп жіберуді талап етіп, қазақ халқына тіл тигізген.

«Әлеуметтік желі қолданушысы Максим Яковченко қоғамда кең резонанс тудырған арандатушылық ақпараттан тұратын жазба жариялады. Ол өз жазбасында Қазақстанның бірнеше қаласын Ресейге беру керектігін жазады. Осы мәлімдемесімен ол ұлтаралық араздықты тудырды. Аталған факті бойынша полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (Ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлады БҚО полициясы.

Полиция департаменті әлеуметтік желіде арандатуға баруға болмайтынын айтады және желі қолданушыларын сыйластыққа шақырды.

«Барлық азаматтар бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасты сақтауы керек, мұндай әрекеттің бір ғана мақсаты – қоғамда түсінбеушілік тудырып, жанжалға себепкер болу. Сондықтан абай болыңыз және арандатушылыққа бой алдырмаңыз», - дейді тәртіп сақшылары.

Ал Максим Яковченконың өзі болса халықтан кешірім сұрап, 15 жасында соққыға жығылып, ауруханада ем алғанын айтқан видеосы жарияланды.