БІЛІМ
Ұлттық бірыңғай тестілеуге 28 сәуірде басталған құжат қабылдау 14 мамырда аяқталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Түлектер онлайн форматта құжат тапсыра отырып, ҰБТ-ны қай күні, қай уақытта тапсыра алатынын өзі таңдайды», - дейді Емелбаев.
Орталық директорының айтуынша, түлек тест аяқталған соң жарты сағаттан кейін апелляцияға өтініш бере алады.
«Бұрын түлек үйіне барып, ертеңінде барлық сұрағының жауабын есіне түсіріп келсе, биыл тест аяқталған соң отыз минуттан кейін-ақ апелляцияға өтініш беруге болады. Компьютерлік форматтың артықшылығы сонда», - дейді ол.
Сонымен қатар Қазақстан тарихи пәні бойынша тестілеудегі соңғы бес сұрақтың форматы өзгерген.
«Соңғы бес сұрақта не карта, не мәтін түрінде талдау сұрақтары қойылады», - дейді Емелбаев.