БІЛІМ

31 млн теңге: БҚО-да білім бөлімінің бухгалтері бюджет қаржысын жымқырған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Батыс Қазақстан облысында 31 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы БҚО сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, Сырым аудандық сотының үкімімен аудандық білім бөлімінің бухгалтері Ақкенже Кушаева ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылды.

А.Кушаева мүлкін тәркілеусіз 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге үкім кесілді.

Кішкентай балалары болғандықтан, ҚР ҚК 74-бабы 1-бөлімі негізінде тағайындалған жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалды. Ол сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда қаржылық қызметпен және материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды.

Сотта анықталғанындай, А.Кушаева бөлім басшысы мен бас есепшінің электронды санды қолын пайдалана отырып, қаржыны туыстары мен әріптестерінің есепшотына аударған. Олар ақшаны Кушаеваға қайта аударған немесе қолма-қол берген. Осындай жолмен барлығы 31 млн теңге жымқырылған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.