Bugin
Кеше, 4 мамыр күні, Алматы қаласында орыс князі әрі қолбасшысы Александр Невскийдің мүсіні қойылады деген ақпарат тарады. Ақпаратты таратқан – Қазақстанның митрополиттік аймағының баспасөз қызметі.
Оның ақпаратына сенсек, қазақстандық митрополит Александр кеше Мәскеуге барып ресейлік мүсінші, Ресей суретшілері академиясының мүшесі Салават Щербаковпен кездескен. Кездесуде ресейлік скульптор шіркеубасына Алматы қаласында орнатылады деп жоспарланып отырған княз Александр Невскийдің мүсінін, соның жобасын көрсеткен екен. Монумент суретшінің шеберханасында жасалып жатқан көрінеді.
Ең қызығы да сол – орыс қолбасшысының бейнесі Ұлы Дала қазақ батырларының болмысына ұқсатып жасалатыны.
«Ұлы ханның бейнесінде айбын, бейбіт елдің басын біріктірген басшының келбеті болмақ. Мүсін Алматы қаласының Александр-Невский соборының жанында қойылмақ», - делінген баспасөз ақпаратында.
Ескерткіш 2022 жылы ресей шіркеу басшысы Патриарх Кирилл Қазақстанға келген кезде арнайы көрсетіледі деп жоспарланған екен.
Алайда бүгін, 5 мамыр күні, бұл ескерткіш орнатылмайды деген ақпар тағы шықты. Алматының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссия бұл мүсінді орнатуға қарсы шығып, жобаны мақұлдамаған көрінеді.
«Александр Невскийдің мүсінін орнату мәселесі 2021 жылы 12 шілдеде өткен комиссия отырысында қаралды. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссияның отырысына мен де қатыстым. Отырыста «Алматында Александр Невскийдің мүсінін орнатуға болмайды деген» шешімге келген едік. Комиссия бұл ұсынысты мақұлдамады», - деп түсіндірді Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Сайран Фазылов.
Сәулетшінің айтуынша, Қазақстанда сәулет өнерінің туындылары 2020 жылы 28 сәуірде шыққан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекіген ережеге сай қойылуы тиіс. Ал аталмыш монумент ондай талапқа сай келмейтін көрінеді.