Саясат

Мемлекет гүлденсін десең, өмір сапасына мән бер!

Сапалы өмір сүріп жүрсіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы орташа айлық 161,8 теңге , ал Елбасы әр отбасы орта есеппен 500 мың теңге табады деген болатын. Олай болса, халқымыздың өмір сапасы қай деңгейде?


Қазақстан жоғары өмір стандарттары бар әлеуметтік мемлекет құруды басты мақсаттардың біріне айналдырды. Бұл ұстанымды Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы қаңтардың соңында Қазақстан халқына Жолдауынан байқаймыз: «Алдағы онжылдықтың маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасын және деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықты және қорғалуды нығайту».


«Өмір сапасы» деген термин 1950-жылдардың ортасында пайда болды, дегенмен ол кезеңде «өмір сүру деңгейі» санаты толыққанды халықтың әл-ауқатын көрсеткен жоқ. Өмір сапасы адамдардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру дәрежесін субъективті бағалау ретінде анықтала бастады. Бұл ұғым әлем елдеріндегі халықтың әл-ауқатының төмендеуі мен әлеуметтік-экономикалық мұқтаждықтардан туған мәселелерді шешу барысында туындаған терминдердің бірі. Оның құрылымдық қатарына: халықтың денсаулық деңгейін және өмірінің ұзақтығын, халықтың өмір сүру деңгейі мен  өмір сипатын атап өтуге болады.

Мемлекеттің азаматтар алдындағы өзіндік міндеттерін атқару арқылы қол жеткізген қанағаттандырылуының өзіндік индексі нақты өмір сапасы деп танылады. Адамдарға жақсы өмір сүруге бастайтын нақты қадамдар мен перспектива керек. Бұл кедейшілік пен санадағы шектеулерден арылуға мүмкіндік бермек. Елдегі әлеуметтік –экономикалық жағдайдың төмендеуі халықтың білім деңгейі мен сауаттылығына тікелей байланысты. Азаматтар өңірлік және мемлекеттік атқарушы билік өкілдерінің ел экономикасын дамытуға негізделген реформалары мен жаңартуларынан да хабарсыз болып жатады. Мұнда екі тұрлі себеп бар: бірінші, адамдардың мемлекет жағдайына және ондағы өзгерістерге бей жай қарауы немесе билік өкілдерінің жаңа ұсыныс немесе өзгеріс туралы толыққанды мәліметті халыққа ақпараттандырмауы. Халық биліктен экономиканың дамуы негізінен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалау, халықтың қауқарсыз санаттарын әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету, экологияны сауықтыру, білім және денсаулық сақтау қызметтерін алу кезінді тең құқықтарды қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешуді күтеді. Ал бұл болса өмір сапасының мәселелері саналады.

Адам үшін тек қана әл-ауқаттың белгілі бір деңгейі емес, сондай-ақ, табиғи ортаның жай-күйі, денсаулықтың жай-күйі, бос уақыттың болуы, рухани бағдарланған өмір елеулі мәнге ие. Сондықтан өмір сапасын бағалаудың халықаралық статистикасы салыстырмалы түрде таяу уақыттан бастап дами бастады. 1960 жылы БҰҰ жұмыс тобы халықаралық ауқымда өмірдің сапалық көрсеткіштерін анықтау және өлшеу принциптері туралы баяндама жасады. Бұл салыстырмалы көрсеткіштер жүйесін құрудың алғашқы мүмкіндігі болатын. 

Бүгінде БҰҰ халықаралық статистикадағы өмір сапасы көрсеткіштері жүйесінің қолданыстағы нұсқасы 1978 жылы әзірленді және 11 негізгі көрсеткіштер топтарын қамтиды:

1.           Халықтың туу, өлім-жітім және басқа да демографиялық сипаттамалары.

2.           Өмірдің санитарлық-гигиеналық шарттары.

3.           Азық-түлік тауарларын тұтыну.

4.           Тұрғын үй шарттары.

5.           Еңбек және жұмыспен қамтылу шарттары.

6.           Білім және мәдениет.

7.           Халықтың табыстары және шығындары.

8.           Өмір құны және тұтыну бағалары.

9.           Көлік құралдары.

10.        Демалысты ұйымдастыру.


Әлеуметтік қамтамасыз ету. Адамның еркіндігі.

Аталған көрсеткіштер топтарынан басқа БҰҰ статистикалық комиссиясы өмір сүру деңгейін бағалау үшін қажетті, бірақ сарапшылардың пікірінше оның тікелей сипаттамалары болып табылмайтын бірқатар көрсеткіштерді бөліп көрсетеді. Мұнда ұлттық табыс, халықтың жан басына жалпы ішкі өнім (ЖІӨ); әлеуметтік қызмет көрсету көлемі және түрлері; халықтың жеке тұтыну шығындары, олардың құрылымы және өсудің орташа жылдық коэффициенті, халықтың тығыздығы, халыққа көлік қызметін көрсету; байланыс құралдары, баспасөз жұмысы және т.б. енгізілген. Өмірдің сапалық көрсеткіштері туралы тұрақты зерттеулерді «International Living» және «The Economist» журналдары жүзеге асырады. Numbeo жаһандық деректер базасының мамандарының зерттеуіне сүйенсек, өмір сүру сапасы рейтингіндегі алғашқы үш орынды Дания, Швейцария және Финляндия иеленді. Соңғы 71-орын Мысырға "бұйырды". Беларусь 2019 жылдың рейтингінде 37-ші, Ресей 59-шы, Украина 62-ші орынды иеленіпті. Қазақстан 69-орынды иеленіп, соңынан санағанда "үздік" үштікке енген.

Қазақстанға кедейлікпен және жоқшылықпен күресуде айтарлықтай табыстарға жетудің сәті түсті. Егер 2006 жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар үлесі 18,2 пайызды құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 5,3% құрады. Ал 2018 жылдың соңғы сараптамасы бойынша, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 4,6 процентті қамтыды. 2011 жылы ауылдық жерлердегі кедейлік деңгейі 3,7 еседен асып кетті, ал 2007 жылы айырмашылық тек қана  2,6 есені құраса, соңғы жылы 6,7 пайыз болды. Қазақстандық ауылда бүгінде шамамен 40 пайызға жуық халық өмір сүретінін атап өту маңызды, сондықтан мұнда кедейлікпен күрес республиканың өмір сапасы бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жасқартуға ықпал етеді.

Соңғы кездері жеке құқықтары мен қалаулары орындалмаған халық ашынғаннан билік өкілдеріне қарсы шығып, әлеуметтік желілерде түрлі үндеулерді жар салды. Егер еліміздегі өмір сүру сапасы жақсы болса, мұндай мәселелер туындамас еді. Десе де, азаматтар өз сөзінің астарын айқындап, әр жағдайды нақты фактіге сүйене отырып, тиісті мекемелердің назарына ұсына отырып мәлімдесе мәселе оңтайлы жолмен шешілер.

Егер өмір сүру сапасын анықтауда әр өңірдегі жоғары, орташа және төмен халық жағдайын анықтап, нақты қай мәселелерде олқылық кеткенін өңірдегі статистика комитеті анықтаса қиындықтарды жою жеңілдейді. Өңірлердегі өмір сапасының әлеуметтану сауалнамаларының көрсеткіштерімен толыққан жағдайда, Қазақстандағы өмір сапасының барынша объективті көрінісін алу күтіледі.