Bugin
Бүгін, 6 мамыр күні мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әскери сала қызметкерлерін Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Құттықтауда қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты елдің тұтастығы мен егемендігін сақтау маңызды екенін еске салды.
«Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жақсы жабдықталған заманауи армия мемлекеттілігіміздің берік қорғаны екенін айтты.
«Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.