Әлем

АҚШ барлау қызметі Путиннің ұзақ соғысқа дайындалып жатқанын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин ұзақ соғысқа дайындалып жатыр, ол Донбасс аумағында жеңіске жетуден үмітін әлі үзген жоқ. 10 мамырда әлемдегі қауіп-қатерлерге арналған сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитет тыңдауында АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Эврил Хэйнс осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

АҚШ барлау қызметінің болжамынша, Ресейдің Украина шығысына әскерін шоғырландырып, сол жаққа баса мән беруі уақытша қадам болуы мүмкін. Ресей басшысы Донбастан өзін республика ретінде жариялап алған Приднестровьеге дейінгі аралықты бақылауға алып, «құрғақ көпір» орнатуды көздейді. Келесі айларда қақтығыс ауқымы кеңейіп, оның бағытын да болжау қиынға соғуы ықтимал. Эврил Хэйнстің сөзінен Bloomberg агенттігі үзінді келтіреді.

Агенттік сонымен бірге АҚШ қорғаныс министрлігі жанындағы барлау басқармасының директоры генерал-лейтенант Скотт Берриердің сөзіне де назар аударады. Ол Ресейдің Украина соғысындағы сәтсіздігі Мәскеуді әлсіреткенмен Ресей билігінің АҚШ пен одақтастарына қарсылығын үдете түседі деп болжайды. Бұған қоса, ядролық қару қолдану туралы қауіп жиі айтыла бастайды деп санайды.

Эврил Хэйнс сөзіне сүйенген CNN телеарнасының хабарлауынша, Владимир Путиннің амбициясы мен Ресей армиясы потенциалының сәйкессіздігі Мәскеуді Украинадағы соғыста «жағдайға қарай бейімделуге» итермелеп отыр. Хэйнс осының бәрі Ресейде әскери жағдай жариялау ықтималдығын да арттырып отыр дейді.