Bugin
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия бизнес өкілдерінің басқосуында өзінің мақсаты – халыққа еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту екенін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өтеді. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын», – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы ұлттық экономика түбегейлі жаңғыратыны туралы айтты.
«Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырамыз. Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сондай-ақ бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы, шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады. Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді», – дейді Тоқаев.