Bugin

Бір жерде жұмыс істеп жүріп Парламентке өтіп кеткен депутат сынға жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Студент боп жүріп сабақ берген әрі бір университетте тапжылмай 18 жыл бойы жұмыс істеп жүріп Мәжіліс депутаты болып кеткен Мәди Елубаев халық сынына жауап берді.

Ең алдымен, әңгіменің неден басталғанын жазайық. Мәжілісте 2021 жылдан бері депутат болып отырған Мәди Елубаев есімді азамат бар көрінеді. Оның өмірбаяны мен мансап баспалдағынан өтуі кезеңі «күлкі туғызбай» қоймайды. Әсіресе, жоғары оқу орнында істеген кезі.

Яғни, Мәди Елубаев 2003-2005 жылдары А.Мырзахметов атындағы университеттің студенті әрі 2003-2007 жылдары оқытушысы болып қатар жүрген. Одан кейін байқағанымыздай, бірден доцент, профессор атағын алып, араға жыл салмай декан, проректор қызметтерін атқарып, ректорға бір-ақ көтерілген. 7 жыл ректор болып, былтыр Мәжіліс депутаттығына келген.

Былай қарасаңыз, карьерасы мұнтаздай таза, қызметі қаз-қалпы қылдай.

Мұндай мансап жолын көрген адамның күлмеске шарасы жоқ. Езу тартары анық. Мұны көрген әлеуметтік желі қолданушылары депутатты сынның астына алды.

Сол сынға депутат Мәди Елубаев Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатына жауап берген екен.

Оның айтуынша, өзі оқыған әрі сабақ берген, мансап жолын бастаған А.Мырзахметов атындағы университет әкесі - Сағынтай Елубаевтың өзі ашқан жекеменшік оқу орны екен. Әрі Мәди Елубаев әкесінің университетіне оқуға түскенге дейін басқа жоғары оқу орнын бітіріп келген. Ш.Уәлиханов атындағы университеттің экономика мамандығын бітірген соң, әкесінің ЖОО-сына келіп «оқытушы» болып жұмысқа орналасқан көрінеді. Әрі оқытушы бола жүріп, заң факультетінде білім алған.  

Мәди Елубаевтың айтуынша, үш бірдей жоғары оқу орнын бітірген:

- 2003 жылы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің экономика мамандығын;

- 2005 жылы А.Мырзахметов атындағы университет юриспруденция мамандығын;

- 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің құрылыс мамандығын бітірген.

Ал доцент, профессор атағын қалай алғаны жөнінде депутат былай дейді.

«Бұл атақты тек белгілі бір ЖОО-ның қабырғасында жүріп қана аласың. Бұл - бүкіл университетке тән құбылыс. Мен - А.Мырзахметов атындағы университет ғана профессорымын. Ондай атақ алу үшін кандидаттық және докторлық диссертация қорғап қажет емес. Сол университеттің ішінде жүріп сіңген еңбегіңе қарай береді. Сондықтан ғылыми атақ пен оқытушылық атақты шатастырмау қажет. Университет еңбек жазған ғалымына атақ беруге құқылы. Ол ЖОО-ның рейтингісі үшін керек. Егер ғалым белсенді болса, монография мен оқулықтар жазса, оған қолдау көрсету мақсатында осындай атақтар береді», - деп түсіндірді Мәди Елубаев.

Өзінің айтуынша, Мәди Елубаев 2011 жылы заң ғылымдары бойынша докторлық диссертация қорғаған екен.

«Зерттеу жұмысымды Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның базасында жүріп жаздым. Бішкекте қорғадым», - дейді ол.

Әңгіме барысында жас депутат Мәжіліске заңды түрде келгенін әрі қазақстан азаматтарының құқығын қорғауға тәжірибесі жететінін сөз етті.

«Көкшетау қалалық мәслихатында бес жыл депутат болдым. Бұл мәслихат өте белсенді болатын. Мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істедік, депутаттық сұраухат жиі жібердім. Бұл жағынан тәжірибем мол десем болады. Мені сынға алған адамдармен жеке кездесіп, сынына жауап беруге әзірмін. Істеген жұмысымды көрсетіп, есеп бере аламын. Маған қиын емес. Біреудің орнында бос отыратын адам емеспін», - деп сөзін түйіндеді М.Елубаев.

Мәди Елубаев 1982 жылы дүниеге келген. 2014 жылы 32 жасында университет ректоры болған. 2021 жылы қаңтарда Amanat (Nur Otan) партиясының атынан депутат боп Мәжіліске келген.