ДЕНСАУЛЫҚ
Денсаулық сақтау министрлігі елдегі коронавирус инфекциясы штамдарының айналымына мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
«Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясы штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық өңірлерде BA.1 «Омикрон» штамы 98,6%-да анықталды, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «Стелс-Омикрон» штамы 36,7%-да анықталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар B. 1.617-like Delta штамы айналымда жүр және зерттелетін сынамалар санының 1,4%-ын құрайды.
ПТР скрининг нәтижелерін растау үшін толық геномдық секвенирлеу жүргізіледі, ол ағымдағы айдың соңына қарай аяқталады.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, Министрлік коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияны, ревакцинацияны уақтылы жүргізуді ұсынады.
«6 ай бұрын және одан да көп уақыт бұрын вакцинация курсын алған адамдар ревакцинациялауға жататынын естеріңізге саламыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау үшін халыққа вакциналардың 3 түрі (Пфайзер, Синофарм және КазВак) қолжетімді, олардың екеуін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған», - дейді министрлік.