Bugin
Бір күнде 4 бірдей маңызды жаңалық. Бүгін, 16 мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлының күдікке ілінгені белгілі болды. Ал мемлекет басшысы Мәскеуге ҰҚШҰ саммитіне кетті. Bugin.kz порталының тілшісі бүгін болған оқиғалар туралы баяндайды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол жұмсады ма?
Бүгін Антикор бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде және ол басқаратын ҚР Ұлттық музейінде тінту жүргізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет музейдің «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» көрмесін өткізуге жұмсаған шығынын тексеріп жатыр.
Бұл тендерді «Экспонат» ЖШС 1,3 млрд теңгеге ұтып алып, көрме өткізген еді. Антикор аталмыш компанияның Ұлттық музей басшылығымен байланысы бар-жоғын анықтауда.
Арада бірнеше сағат өткеннен кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook парақшасында президентке үндеу жасады.
«Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғанын және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді. Кейінгі кезде енді арыз иелері музейде кеткен бұрыңғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!» - деп жазды ол.
Содан кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол жұмсады деген ақпарат әлеуметтік желіде тарап кетті.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол жұмсаған. Операциялық қорытынды: сағат 11.56-да аудандық полиция бөліміне Бұлбұл 3-3 мекенжайында Арыстанбек Мұхамедиұлы қолының тамырын кесіп, өз-өзіне қол жұмсағандығы туралы хабарлама келіп түскен», - делінген «Серый Кардинал» telegram-арнасы бөліскен хабарламада.
Ал Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай бұрынғы мәдениет министрінің өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлының 2-ші қалалық ауруханада жатқаны туралы ақпарат расталды. Алайда қандай диагнозбен ауруханаға түскені әзірге белгісіз.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін антикор бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының күдікке ілінгені туралы ақпаратты растады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан мәлімет бойынша, Мұхамедиұлы ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша күдікке ілінген.
Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға қайтарылуы мүмкін
Бүгін Қытай түрмесінде 8 жыл бойы отырған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялауы мүмкін деген ақпаратты оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов мәлім етті.
«2014 жылы Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталды. Сол жылы Хошимин қаласында ростовтық Мария Дапирка да тұтқынға алынды.
Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес Орталық Азия өңірлік ақпараттық координациялық орталығы қыздарды нигериялық есірткі тобының құрбанына айналған деп мойындады. Екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Ақжарқын Тұрлыбайдың жақын арада Қазақстанға қайтарылуын күтеміз», — деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.
Болат Әбілов жаңа партия құрды
Бүгін Болат Әбілов «Біздің таңдау» саяси партиясының құрылғанын мәлім етті. Саясаткер Facebook парақшасында арнайы конференция барысынан тікелей эфир жүргізіп, сол жерде жаңа партия құрып жатқандары туралы айтты.
«Саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерді байқамай отырғанымызды тағы да айтуға мәжбүрміз. Бүгін саяси партияның құрылғанын жариялаймыз. Бұл біздің таңдауымыз. Демократия үшін, еркіндік үшін, әділдік үшін таңдау», - деді ол.
Әбілов жаңа партияның миссиясы – ел конституциясына президенттік республикадан парламенттік республикаға өтуді көздейтін өзгертулер енгізу екенін айтып өтті.
Сонымен қатар жаңа партия Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) шығуын және «Самұрық-Қазына» қорын жоюды ұсынып отыр.
ҰҚШҰ саммиті: Тоқаев Мәскеуге барды
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге барғаны туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Ресей Президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық саммитке қатысу үшін Мәскеуге келді», - делінген хабарламада.
Ұйымның дәл қазір, 16 мамыр күні Кремльде өтіп жатыр.
«ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері ұйымның жауапкершілік аймағындағы жағдайды, оның даму перспективаларын талқылап, ҰҚШҰ-ның мерейтойына арнап мәлімдеме қабылдайды деп жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2022 жылы ҰҚШҰ-ға Армения Республикасы төрағалық етіп жатыр.