Қоғам
Мамандар Алматы облысының Текелі қаласындағы лай көшкіні тау баурайынан келгенін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Алдын ала болжам бойынша, нөсер жаңбыр мен көше бойындағы су құбырының жарылуынан көшкін жүрген.
«Олардың бәрі қауіпті аймақта, техногендік сипатта деп айтуға болады. Өйткені жоғарыда олар өз бақтарын ағын сумен суарады. Бұл судың бәрі жерге сіңіп кетеді және су құбыры желісінде жарылыс болды деп ойлаймыз. Су үнемі топыраққа еніп, кейін жауын-шашын болды, осының бәрінен көшкін жүрді», - дейді «Казселезащита» ММ филиалының басшысы Мейрам Нұрымбетов.
Мамандар төтенше жағдайдың салдарын жоюмен бір тәуліктен аса уақыт айналысып жатыр. Қайғылы оқиға орнына әскери қызметшілер, төтенше жағдайлар күштері, еріктілер мен қала кәсіпорындары жұмылдырылды.
Айта кетейік, 15 мамырда Текеліде қатты жауын-шашын салдарынан көшкін жүрген еді. Балшық массасының астында бес үй қалған, олардың біреуі толығымен қирады. Дәл осы үйде қаза болған бала тұрған.