Әлем
Америкалық саясаткер, Украинадағы америкалық дипломатиялық миссияны жүзеге асырушы Кристина Квин АҚШ-тың Украинаға ешқандай шарт қоймай көмектесіп жатқандығын мәлімдеді, деп жазады Bugin.kz порталы.
Саясаткердің айтуынша, Украина ресей әскерін Киевтен, Харьков маңынан шегінуге мәжбүр етті. Алайда «бұл украин әскері орыстарды басқа да аймақтардан шығарып тастайды деген сөз емес» екенін атап өтті.
«Біз Украинаға көмек көрсеткен кезде Қырым мен Донбассқа қатысты қаруды қолдану мәселесін талқыламадық және оларға шарт та қоймадық. Алайда Қырымның да, Донбасстың да Украинаға тиесілі екенін мойындадық. Бұл фактінің маңызы зор. Әсіресе, Украинаның Ресейге қай уақытқа дейін тойтарыс беретініне байланысты сұрақ туындаған кезде маңызды болмақ. Десе де бұл шешімді Украина қабылдайды», - деді Квин.
Сондай-ақ ол АҚШ-тың ресей әскерін жеңіп, оларды кері шегіндіру мақсатында Украинаны қару-жарақпен әдейі қамтамасыз етіп отырғаны туралы болжам естігенін айтып өтті.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Қарапайым ғана дәлел – украин әскерінің РФ әскерін Киев пен Харьков облысынан кері қайтарғаны. Біз Украинаның осы соғыста жеңіске жеткенін қалаймыз! Осы мақсат үшін күнделікті жұмыс істеп жатырмыз. АҚШ Украинаға басқа мемлекеттерге қарағанда көбірек қару-жарақ жеткізіп үлгерді. Біз бұл әрекетімізді әрі қарай да жалғастыра береміз», - деді америкалық саясаткер.