Bugin
Батыс елдерінің осы күнге дейін РФ президенті В.Путиннен үркіп, онымен тікелей қақтығысқа түсуден қашуы қазіргі Украинадағы жағдайдың ушығуына әкеп соқты. Путин – блеф пен қорқытуды құралына айналдырған адам. Одан қорқудың да, қашудың да қажеті жоқ. Путинге тіке қарсы шығу арқылы сағын сындыруға болады. Осылай дейді АҚШ-тың танымал экономисі, Atlantic Council-дің жетекші ғылыми қызметкері Андерс Аслунд.
Америкалық экономисттің айтуынша, Батыс елдері Путиннің пиғылы мен ниетін, қандай адам екенін әлі түсінбей келе жатыр. Өйткені Батыстың құндылығы бөлек, Путиннің құндылық деп санап жүргені пиғылы бөлек.
«Путин – бұл нағыз авторитарлы клептократ. Оған Ресейдің ұлттық мүддесі түкке де тұрғысыз. Оның ең жанды жері – байлығы мен билігі. «Маған Ресейдің ұлттық мүддесі маңызды, елім үшін аянбай еңбек етемін, сол үшін күресіп жатырмын» дегені – бос сөз. Орыс национализмі үшін күресіп жатырмын деп шынайы пиғылын жасырғысы келеді. Ал оның бар арманы, шынайы пиғылы – билігі мен байлығын сақтап қалу ғана. Путин неге соғыс бастады? Ресейдің мүддесі үшін соғыс бастады дейсің бе?! Жоға. Халқы алдында абырой-беделін көтеріп, билігі мен байлығын сақтап қалу үшін соғыс бастады. Көрші Украинаның демократиялық құндылықтармен өмір сүргенін қаламады. Ондай дамыған елді көрген ресей жұртшылығы Путинге қарсы шығып, оны билігінен айыруы мүмкін еді», - дейді Аслунд.
Андерс Аслунд
Оның айтуынша, Батыс билігі Путиннің дәл осы пиғылын түсініп отырған жоқ. Өйткені Батыс басшыларының құндылығы бөлек. Оларға әр азаматтың жеке құқығы бірінші орында, жеке байлық пен билік керек емес. Ал Путинге азаматтық құқық деген түкке тұрғысыз. Байлығы мен билігі үшін жан берісіп күресуге әзір.
«Ендеше Путинді шарбаққа тығып, нөсер мен бұршақтан бұққан ешкідей етіп тықсырып тастаудың бір жолы-ақ жолы бар. Ол – эксалацияға эксалациямен жауап беру. Яғни, Батыс елдері осы күнге дейін Путинмен тікелей қақтығысып қалмайық деп тіке қарсы келмеді, қашан қарасаң да, көз тайдырып кетеді. Путинмен «тіресіп қалмайық, жағдайды ушықтырып алмайық, айтқанын істей салайық, сонда қояды» деп аяқ тартады. Олай істеуге болмайды. Қорқыту мен үркіту – Путиннің көзірі. Қорқытқаннан басқа қолынан түк келмейді оның. Ендеше Путин қорқытса, оны да қорқытып қарсы әрекет ету керек. Бүкіл Батыс оған тайсалмай қарсы тұрса, орыс автократының бұйыққаннан басқа амалы қалмайды», - деп түсіндіреді Аслунд.
Мәселен, Путин көз алартып қалмасын деп кезінде АҚШ президенті Барак Обаманың Украинаға летальді қарулар бермей қойған еді. Қазір Байден де сөйтіп отыр. Егер АҚШ Украинаға сол қаруларды бергенде, соғыс болмас еді ғой. Путин жасқанар еді.
«Батыстың жасқанып, айналасына алақ-жұлақ етіп, әр істі ойланып істеуі – Путинді құтыртып жіберді. Джентельмендік істеп керек емес. Бұға берсең, сұға береді. Батыстың Украина мен Ресейді бейбіт келісімге келсін дегені де – бос әңгіме. Нейтралитет ұстауы да жақсы емес. Ресей Украинаның НАТО-ға кіруінен қорқа ма! Ендеше жаса! Украинаны НАТО-ға кіргіз. Финляндия мен Швеция дұрыс таңдау жасады. Ресейдің пиғылын көрді», - дейді экономист.
«Соғысты тоқтатудың бір-ақ амалы қалды: ол – Украинаның жеңуі. Украина жеңсе, 2014 жылдан бері басталған конфликтіге нүкте қояды. Бейымырашыл Путинді тәубаға келтіреді. Ал егер Ресей жеңсе, онда соғыс тоқтамайды. Еуропаның басқа бөлігіне өтеді», - деп ескертті маман.