Қоғам

«Төрт жерден сүйегі сынған»: Лифтіде соққыға жығылған әйел бар шындықты айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елорда лифтінде соққыға жығылған әйел көрген қорлығы туралы айтып берді. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалған, деп жазады Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі оны тіпті өз туыстарынан да қызғанған.

Аружан жолдасы Елнұр Байметовпен 2018 жылы отау құрған, екі баласы бар. Келіншектің айтуынша, көрмегені жоқ. Ұрған, соққан, буындырған. 20 градус суықта балконға қамап қойған.

«Екеуміз менің туыстарымның шақыруымен караокеге бардық. Қолыма микрофон алып ән шырқай бастадым. Екінші микрофонды күйеу балам, яғни сіңлімнің жолдасы алып қосылды. Күйеуім сол кезде ұялы телефоныма қорқытып хабарлама жіберді. Кеш тарқап үйге келгенде жедел саты есігі жабылмай жатып мені ұра бастады. Мен жерге құлап қалдым», - дейді жәбірленуші Аружан Байметова.

Оның айтуынша, күйеуі өздерін үйге жеткізіп тастаған інісімен бірге болдың деп, әйелін тағы соққының астына алған. Алайда полиция бұл деректі ескермей отырған көрінеді. Енесі «бұл бәріміздің басымыздан өткен жағдай» деп жұбатады екен.

«Ата-анасы жанжал үстінен түскенде оны сабырға шақыруға тырысатын. Анасы менімен жиі сөйлесетін. Барлығы жақсы болады деп сендірді. «Барлық ерлер осылай ұрады, мені де ұрды, менің әжемді де ұрды» дейтін. Осы сөздердің өзіме әсер ете бастағанын да байқамай қалыппын», - дейді жәбірленуші Аружан Байметова.

Жәбірленушінің енесі - Шымкент қаласындағы балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Ұлы желіні шулатқаннан кейін Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп тастаған.

«Бұл жағдайды, әрине, қолдамаймын. Бірақ бұл - Астанада болған оқиға. Төрт жарым жыл бойы балам мен келінім менің қолымда тұрды. Мұндай нәрсе, әуестік, қол жұмсау болған емес», - дейді күдіктінің анасы Гүлайым Шұңғараева.

Әйел құқығын қорғап жүрген белсенділер мұндай жағдайдың көптігін, бірақ басым бөлігі жабулы қазан күйінде қалатынын айтады. Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың маусымынан бастап жаңа жүйені ойластырып жатыр. Енді жәбір көрген әр азаматтың дерегі арнайы кітапшаға тіркеледі.

«Бірінші маусымнан бастап ел бойынша жаңа жобаны бастаймыз. Енді денсаулық сақтау ұйымдарына шағымданған әр азаматты арнайы журналға тіркеп отырамыз. Яғни зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, жәбірлеу фактілері барлығы жазылады. Осылайша тек қана тұрмыстық емес, барлық зорлық-зомбылықты анықтай аламыз», - дейді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің өзі бостандықта. Оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберген. «Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді» деп, қысқа қайырды тәртіп сақшылары. Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажырасуды ойлап отыр.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61