Bugin

Халықтың айлығы шайлығынан аспай жүргені жасырын емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге жеткені туралы мәселе көтерді. Бұл жайлы Baq.kz жазды.

Бүгінгі күні азық-түлік бағасының өсуі азаматтарымыздың басты мәселесіне айналды. Көптеген отбасы барлық кірісін тек тамаққа жұмсап, айлығын шайлығына әрең жеткізіп отыр. Әрине барлығымыз азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайдың күрделі болып отырғанын түсінеміз, - деді Күрішбаев.

Ол депутаттар Үкіметтің осыған қатысты қабылдап отырған шараларын қолдайтындарын атап өтті.

Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың іс қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқ асты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттауға тыйым салу және экспорттық квоталарды енгізу оңай, бірақ ондай шектеулер фермерлерді банкроттыққа, ал отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежелуге әкелуі әбден мүмкін. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ, - деп айтты Ақылбек Күрішбаев.

Оның сөзінше, кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі тұтынудың физиологиялық нормаларының негізінде есептелген және ішкі нарықтық қажеттіліктен асып кетеді. Күрішбаев халықтың азық-түлік тауарларын тұтыну нормаларын анықтауда шынайы, объективті тәсілдерге ауысуға шақырды.

Бізде  азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары және қамтамасыз ету тетіктері айқындалуы тиіс. Барлық дамыған елде бұл мәселелер ұзақ мерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сол себепті оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтерілмейді, - деді сенатор.

Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажеттігін атап өтті.