Bugin

Путинді іштен қолдайтын ешкім қалмады – БАҚ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейдің саяси элитасы мен олигархтарының арасында Путинді қолдайтын ешкім қалмады. Оған кіжінгендер күн сайын көбейіп барады. Осылай деп жазады Медуза атты ресейлік оппозициялық басылым.

Басылым бұл пікірді Путиннің айналасында, Президент әкімшілігінде жұмыс істеп жүрген шенеуніктерден алған.

Олардың айтуынша, соғыстың боларын президент әкімшілігінде жүргендердің бірде-бірі білмеген. Путиннің «спецоперация бастауға» бұйрық беруі көбін есеңгіретіп тастады.  

«Саяси элитаның ойы мен көзқарасы құбылып отырды. Соғыс басталғанда бәрі үркіп, шошынса, наурыздың орталарына қарай артқа шегінер жол жоқ екенін ұғып, спецоперацияны қалай да жеңіспен аяқтау керегін түсінді. Сол кезде патриотизмді ұрандаған тұлғалар көбейді. Ал қазір соғыс үшінші айға ұласқалы беті жүні қайта жығылып қалды», - деп түсіндіреді «іштегі» шенеунік.

Енді елде даму жоқ. Таза шикізат сатып қана өмір сүруге болады. Оның өзінде, Үндістан мен Қытайға ғана.

Басылымның жазуынша, Кремль билігінің қолында соғысты келісіммен аяқтауға әрі елдің алдында абыройын сақтап қалуға көмектесер еш көзірі де, амалы да қалмады.

«Саяси элитада Путинді қолайтын адам қалмады. Үкімет мүшелерінің де көңілі толмайды. Путин спецоперацияның мұндай ауыр санкцияларға әкелерін білмеді, білмей соғыс бастады», - деп түсіндіреді ПӘ шенеунігі.

Оның айтуынша, қазір Путинді қолдайтын бір топ қана қалды. Олар – күш құрылымдары. Олардың уәжі біреу ғана.

«Соғысты бастаған екенбіз, ендеше соңына дейін бару керек. Әлсіздік танытуға болмайды. Шарт қимылға көшу керек деседі. Ал шарт қимыл дегені – елде жаппай мобилизация (ер азаматтарды жаппай әскерге алдыру) жасап, Киевті басып алатындай күш жинап, қалың шайқасқа басу», - дейді шенеунік.

Алайда Кремль билігі мобилизацияға дайын емес көрінеді.

«Путин экономиканың күйреудің аз-ақ алдында тұрғанын мойындағысы келмейді. Оған мүлде қарағысы келмейді. Еуропа ресейдің газы мен мұнайына эмбарго жариялайды деп Путин ойламаса керек. Еуропаның эмбарго жариялайтынына күмәнмен қарайды Путиннің жақтастары. Бірақ жаздағы Ресей экономикасы түнек дағдарысқа түсері анық», - дейді дереккөз.

Сондай-ақ президент әкімшілігі өкілінің айтуынша, Кремль күзге дейін Донбас пен Луганскіде, орыс әскерлері басып алған Украинаның Херсон облысында Қырымдағыдай референдум жариялап, Ресейдің құрамына қоспақ. Референдум шамамен 11 қыркүйекке дөп келмек.

Ал оған дейін Оңтүстік Осетияны Ресейге қосуға референдум өтпек. Одан бөлек, Беларусь пен Ресейді қосудың да белгілі бір шарттары жасалуы мүмкін.