Білім және ғылым
Қалдыбай Асанов 1892 жылы Жымпиты уезі 4-iншi ауылда дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы жоғары бiлiмдi экономисі. Тегi – қожа. Кедей шаруа отбасында туып-өскен. Әкесi ерте қайтыс болып, ағаларының қолында тәрбиеленген. Жымпиты ауылындағы бiр кластық орыс-қазақ мектебiнде, екі кластық орыс-қазақ училищесiнде оқыған.
Саратов университетiнiң экономика факультетіне 1909 жылы түсiп, 1914 жылы бітіріп шығады.
1916 жылы тыл жұмысына алынады. 1917 жылы жазда елге оралысымен, Жымпиты уездiк атқару комитетiнде, кейiн уездiк земство басқармасында жұмыс істеп, білімдарлығымен көзге түседі.
1918 жылы мамырда өткен 4-iншi Орал облыстық қазақ съезінің төралқасына Кәрiм Жәленовпен бірге хатшы болып сайланады. Осы съезде кұрылған Жайық сырты қазақтары облысының «Ойыл уалаятының» Уақытша үкіметі құрамына сайланады. Айтылмыш съезд қаулысына орай, 2-iншi жалпықазақ съезiнiң шешiмi негiзiнде «Ойыл уәлаяты» жiгiттерiнен халық әскерін құруға белсене қатысушы. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкiметiнiң және әскери бөлім бастығы Жаһанша Досмұхамедовтiң шешiмiмен Халық әскерін құру кезiнде ауыл-болыстардың халық милициясы жiгiттерiнiң атпен, ат әбзелiмен, ер-тоқыммен жабдықталуына жауап бердi. Уездік атқару комитетiндегi, земство басқармасындағы қызмет тәжiрибесiн пайдалана отырып, айтылмыш мекемелер қарамағындағы коғамдық азық-түлiк қорын, босалқы астық мөлшерін және астық сақтайтын дүкендерді әскер қажетіне жарату, сондай-ақ уәлаят шегіндегі Сабыр Сарығожин, Шолақов, Көпжасаров, Төбетов, Есенаманов, Ығылманов, Омаров, Ермұхамед Қоқанов, Құмай Байтөлеков, Нұрым Қабашев, Сатыбалды Асанов, Мұқаш Атшыбаев тәрiздi малмен әрi сауда капиталымен айналысқан дәулет иелерiмен арада байланыс орнату мiндеттерiн шештi, олардан негiзiнен астық және жылқы сатып алуды жолға қойды.
Ақпан революциясынан соң құрылып, кейінірек тоқтап қалған аудан кооперативтерi жұмысын жандандыруға атсалысты. Жымпитыға Орынбордан, Самарадан ығысып келген ақ офицерлерден қойылған интенданттардың тiкбакай іс-әрекеттерімен, азық-түлік, құрал-жабдықпен жабдықтау iсiне салғырт қарауы салдарынан 1918 жылы желтоқсанда халық әскерiнiң Жымпиты гарнизонында орын алған бас көтерулерден соң Батыс Алашорда әскерiнiң интенданты болып тағайындалады. Әскери шені - прапорщик. Батыс Алашорда үкiметi тiзе бүккенге шейiн, халық әскерін Сiбiр Уақытша үкiметi тарапынан және 1919 жылы жаздан бастап Деникиннің ерiктi армиясы есебінен жабдықтау ісіне қатысты. 1920 жылы қаңтарда Қызылқоғадағы Батыс Алашорда үкіметі мүшелерiмен бiрге тұтқындалды. Қазақ әскери революциялық комитетi мүшесі С.Меңдешов пен әскери инспектор Г.Ивановқа Батыс Алашорда қызметi жөнiнде егжей-тегжейлі мәлімет тапсырды.
1920 жылы ауылды кеңестендіру жұмысына араласып, Жымпиты уездік атқару комитетiнiн мүшесі, лекторы болды. Сол жылы Жымпиты уревкомы төрағасы М.Х.Мырзағалиевтың кепiлдiк етуiмен Коммунистік партия қатарына өтті. 1920 жылы Батыс Алашорда қызметіне байланысты істі болып, Салық Омаровпен бірге Орал концентрациялық лагерiне қамалып, үстiнен қылмыстық іс қозғалды. Жаза мерзiмiн өтегеннен кейiн, 1921 жылы партия қатарынан шығарылды.
1930 жылдары губерниялық қаржы саласында қызмет атқарады, губерниялық қаржы бөлiмiнде бас экономист болды. Орал педагогикалық техникумында орыс тілінен сабақ береді. Осында жүргенде «Алашордашы» деген айыппен қызметтен шығарылды. «Орал қаласындағы Кожевенная көшесiндегi үйiнде қонактарының алдында КСРО-ның жаңа Конституциясын ұлтшылдық ыңғайда бұрмалады, кеңестiк демократизм, жеке бас бостандығы принциптерiн сынға алды және кейiнiрек жер органдары одағы клубында партия ұйымдарын, Сталинді тiлдеді» деген айып тағылып, 1937 жылы IIХК округтік 134 басқармасы тарапынан тұтқындалды. Тергеу барысында Оралда С.Тұрымтаев, Ғ.Манкеев, Х.Ищанов, Б.Жанқадамов секiлдi бұрынғы Батыс Алашорда қайраткерлерiмен араласып тұрғаны да қосымша айып болып тағылды.
1937 жылы маусым айында Батыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы коллегиясы 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
1937 жылы тамызда Қазақ КСР Жоғарғы соты үкiмiн қайта қарап, күшiн жойды.
1937 жылы қазанда облыстық соты 5 жылға азаматтық құқын жоя отырып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру жөнiнде қайтадан үкім шығарады.
Қазақ КСР Жоғарғы сотының арнаулы коллегиясы үкiмдi күшiнде қалдырғанымен, IIХК басқармасы үштігінің қаулысымен 1937 жылы 15 қарашада атылды.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты Президиумының 1957 жылғы 15 шiлдедегi қаулысымен ақталды. Бауыры Дуанабек Асанов Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Камен ауданы «Каменка» кеңшарында жұмыс істеген. Зайыбы – Жiбек Асанова, соңында 7 жасар Альфия, 5 айлық Гүлнар есiмдi екі қызы қалды. Альфия Асанова Құрманғазиева Орал қаласы маңындағы Желаево стансасында тұрады.
мәлімет «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов» кітабынан алынды (авторы: Д.Сүлейменова)