Сұқбат

Микрокредит алу, жабу, соттасу – заңгермен сұхбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Микрокредит алып, оны төлемей, соттан атқарушылық жазба алған таныстарыңыз бар ма?! Жалпы микрокредит деген не? Қазақстанда оған сұраныс неге артып кетті? Осы тұрғыда Bugin.kz порталының тілшісі заңгер Мұхамед Әлимен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

– Халықта неге микрокредитке деген сұраныс артып кетті? Қазақстандықтар не үшін микронесие алады?

– Микрокредитке сұраныстың көп болу себебі – оның банк кредитіне қарағанда қолжетімді болуында. Оған қоса жарнамасы көп, онлайн ала салуға жеңіл. Сол да әсер етеді.

Осы 1 жылда 100-120 адамның мәселесін шешуге көмектестім. Нақты қандай мақсатпен несие алатынын білмеймін. Олардың жиі айтатыны «ақша шұғыл қажет болды, алдым» деген сөз. Ең бастысы, адамдар ол жердегі пайыздың тез арада өсіп кететінін білмейді. Көбі «договор займа» деген түсініктің бар екеніне тіпті мән бермейді. Өйткені қаражатты онлайн ала салған. Сол себепті қандай шартпен алғанын да білмейді. Мысалы, жарнамада пайызы 0,01%-ден басталады деуі мүмкін. Кейбіреулер сол пайызбен берді деп ойлайды.

– Шағын кредиттер бойынша артық төленген соманы өндіріп алу бойынша кезең-кезеңімен айтып берсеңіз. Бұл мәселені қарапайым адамның пайдасына қалай шешесіздер?

– ҚР Микроқаржылық қызмет туралы заңының 4-бабына сәйкес, микрокредит нысанасын қоспағанда, қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша бүкіл төлемдері, микрокредит беру туралы шартта көзделген сыйақы мен тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) сомасын қоса алғанда, жиынтығында микрокредит беру туралы шарт қолданылатын бүкіл кезеңде берілген микрокредит сомасынан аспауға тиіс. Заңның осы талабы бұзылған жағдайда артық төленген сома сот арқылы өндіріліп алынады. Мысал ретінде, 10 000 теңгені 25% сыйақымен 30 күнге алғанда, 30 күннен соң микроқаржы алған адам 12 500 теңге қайтаруға тиіс. Уақытылы қайтармағанда, күніне туындаған қарыз міндеттемеге 0,5%-дан аспайтын тұрақсыздық айыбы (неустойка) қосылып отырады. Бірақ осы алынған микроқаржы 10 000 теңге болса, қайтарылатын сома 20 000 теңгеден аспауы керек.

– Микрокредитті төлемегендіктен, несиені алған адамның банк шоттары белгілі бір уақыттан кейін бұғатталып жатады. Одан қалай шығуға болады?

– Сот орындаушысы ғана борышкердің банк шоттарын бұғаттай алады. Ол өндіріп алушының пайдасына берешек сомасын өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізеді. Сот орындаушысы бұл жағдайда сот шешіміне немесе нотариус беретін атқарушылық жазбаға жүгінеді. Банк шоттарын бұғаттау, жол жүруге тыйым салу және нотариалды іс әрекет құқығын сот орындаушысы шегереді. Жол жүру бойынша – ел ішінде кедергі жоқ, шетелге шығатын кезде бұл мәселе бөгет болады.

Банк шоттары атқарушылық iс тоқтағаннан кейін бұғаттан шығады. Бұл әрекет борышкер қарызды толығымен қайтарып, сот орындаушысы өзіне тиесілі пайызды алған жағдайда ғана орындалады. Айта кетейін, сот орындаушысы көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Сонымен қатар атқарушылық құжат заң жүзінде күшін жойған жағдайда борышкер банк картасын қолдана алады.

– Сіздер ұсынатын қызметте – атқарушылық жазбаның күшін жою деген пункт бар екен. Атқарушылық жазба деген не? Оның күшін қалай жоясыздар?

– Микрозайм бойынша атқарушылық іс сот шешімі мен атқарушылық жазба (нотариустың атқарушылық жазбасы) негізінде қозғалады. Атқарушылық жазба дегеніміз – нотариустың борышкерден өндіріп алушы есебінен белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу туралы бұйрығы.

Әрбір оқиғаның өзіне тән ерекшелігі болады. Кейде борышкердің құқықтары бұзылған жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде ҚР заңына сәйкес, біз борышкердің құқығын қорғауға көмектесеміз.

– Микрокредит алып, оны төлей алмай жүрген адамдарға қандай кеңес бересіз?

– Коллектордан қорықпаңыз. Олармен сөзге келіп те қажет емес. Есіңізде болсын, коллектор сізге жұмыс күндері 08:00-21:00 аралығында 3 рет қоңырау шалуға ғана құқылы.

– «Микронесие алып, оны төлей алмай жүрген адамдар заңгерге жүгінуі керек. Олар заң бойынша шешіп береді» деген пікірді жиі естиміз. Сіздер оларға нақты қалай көмектесе аласыздар?

– Біз микрозаймның келісім-шартына анализ жасаймыз, оның ҚР заңына сәйкестігін анықтаймыз. Сонымен қатар борышкерге қиын ситуациядан шығудың ұтымды жолын ұсынамыз.

– Кеңесіңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ