Bugin

Елде баспана бағасы арзандауы мүмкін – сарапшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеп қалды. Өткен айда тұрғын үйді сату және сатып алу көрсеткіші бірден 22,5 процентке түсіп кеткен. Соған қарамастан, баға өзгермей тұр. Доллар санкциялық соғысқа дейінгі межеге төмендесе де, баспананың құны сол қалпы.

Алайда сарапшылардың айтуынша, ел-жұрт қазір баспананың бағасы арзандағанын күтіп отыр.

Қазақстан риэлторлар одағының вице-президенті Елена Гриваның айтуынша, қазіргі кезде халық арасында «тағы девальвация болады» деген қауіп бар. Оған қоса, әлемдік экономиканың тежелуіне қатысты сан алуан болжамдар айтылып жатыр. Ал тұрақтылық болмағаннан кейін адамдар ақшаны жұмсауға асықпайды.

«Халық ертең не болатынын білмейді. Әрине, ондайда көбісі ақшаны шығармай, жағдайды бақылап отырады. Сосын баспана бағасы түседі деп жаза бастады. Адамдар соны күтіп отырған сияқты. Мысалы, бізге хабарласатындар бағаның қашан түсетінін жиі сұрайды. Бірақ баспананың құны түспей тұр», - дейді Грива.

Осылайша, халық баспананың арзандағанын күтіп жүрсе, құрылыс компаниялары мен сатушылар бағаны түсіруге асықпай отыр.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің сөзіне қарағанда, доллар 500 теңгеге дейін барғанда құрылыс компаниялары жаңа баспананың бағасын 20-25 процентке көтеріп тастаған. Бүгінде АҚШ валютасы арзандады, тіпті, санкциялық соғысқа дейінгі деңгейге төмендеді. Бірақ құрылыс компаниялары бағаны түсірмей отыр. Ал екінші нарықта үйдің құны 40 процентке шарықтап кеткен.

«Қазір сұраныс азайды деп отыр ғой. Осы жағдай жылдың аяғына дейін сақталса, баспана бағасы 10-20 процентке төмендеуі мүмкін. Одан да арзандап кетуі де ықтимал», - деп атап өтті Мүсірепов.