Әлем
Украинадағы зорлық-зомбылық құрбандарының барлығы бірдей басынан кешкен оқиғалар туралы айтуға әлі дайын емес. Ресей Қарулы Күштерінің қылмыстары қаншалықты ауқымды болғанын білу үшін біраз уақыт қажет болады. Бұл туралы Голос Америки басылымы хабарлады, деп жазады Bugin.kz порталы.
Қазіргі уақытта украин әйелдері әскери қызметкерлердің жағдайын жасап жүр. Бірі – жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетсе, енді бірі – ауруханада тамақ дайындайды, балаларға қорғануды үйретеді. Сонымен қатар елдің Қарулы Күштерінің құрамында қызмет атқарып келеді. Олардың арасында скрипкасын қаруға алмастырған Украинаның танымал музыканты – Ольга Рукавишникова да бар. Бұл туралы Джорджтаун университетінің онлайн-талқылауында Украинаның АҚШ-тағы Елшісі Оксана Маркарова еске түсірді.
«Әйелдер қаптамадағы шай секілді. Олардың қаншалықты мықты екенін ыстық суға салмайынша білмейсіз» деген Элеонора Рузвельт. Менің ойымша, украин әйелдері судың ыстық болғаны маңызды емес екенін, біздердің былай да мықты екенімізді көрсетіп отыр. Украина Қарулы Күштеріндегі қызметкерлердің 15%-ы әйелдер. Бұл – Еуропаның кейбір елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш», – деді Маркарова.
Сарапшылар әйелдерге қатысты қылмыстың ең сорақысы – сексуалды зорлық-зомбылық деді. Алайда болған оқиға туралы батылы жетіп айтатындар көп емес. Десе де осы соғыстағы қылмыстың қаншалықты ауқымды болғаны ұзақ уақыт бойы зерттеледі. Қазіргі кезде құқық қорғаушылар зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Онлайн-талқылауға қатысушылардың барлығы кінәлілер жазасын алады деп сендірді.
«Біз ресейлік сарбаздардың егде жастағы әйелдерді зорлағаны туралы оқиғаларды білеміз. 78 жастағы әйелдің зорланғаны туралы естідім. Олардың бәрі бірдей өздеріне не болғаны туралы айта алмайды. Тіпті, құқық қорғау органдары, прокурорлар мен адвокаттарға да», – деді «ОПОРА» азаматтық желісінің құқық қорғаушысы Ольга Айвазовская.
Адам саудасы құрбандарына көмек көрсететін құқық қорғаушы «La Strada Ukraine» ұйымының президенті Катерина Черепаха зорлық-зомбылық Украинадағы соғыстың жаңа құралы емес екенін атап өтті.
«2014-2015 жылдары да басқыншылардың зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайлары тіркелген еді. Ал қазіргі соғыс жағдайында бұл кең таралған қылмысқа айналып үлгерді. Соғыстың алғашқы аптасының өзінде әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық туралы хабарлар алдық. Бізбен Херсон облысының тұрғыны байланысқа шықты: анасы мен кәмелеттік жасқа толмаған қызын зорлапты. Қазіргі уақытта 16 адам біздің көмегімізге жүгінді. Олардың 15-і әйелдер мен қыздар болса, біреуі жас жігіт. Бұл біздің мәліметтер ғана...» – деді Черепаха.
Бейбіт халықты зорлау және өлтіру мүмкін болды. Өйткені халықаралық қауіпсіздік шаралары жұмыс істемеді және агрессорды тоқтата алмады. Бұл туралы Украина депутаты Евгения Кравчук мәлімдеді. Украиналықтар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты 1325 резолюциясын іске асыру бойынша жаңа жоспар жасап жатыр. Оның мақсаты - соғыс кезінде әйелдерде кездесетін проблемаларды шешу.
«Қылмыскерлер жазасын өтесін! Әскери қылмыстарды әшкерелеу үшін халықаралық трибунал құруымыз керек. Жалпы зорлық-зомбылық мәселесінен бөлек 9 мың оқиға тіркелді. Аталмыш оқиғаларды қағаз жүзінде қалдыра алмаймыз. Бұл оқиғаны бастан кешкен әйелдер қылмыскерлердің түрмеге тоғытылғанын көруі керек. Айта кетейік, қазір Еуропада ынтымақтастық та, қауіпсіздік те жоқ. Бізге әрбір әйел өз құқығының бұзылмайтынына сенімді болатын қауіпсіздік жүйесі қажет», – деді Кравчук.