Әлем
Эфир кезінде соғысқа қарсы акция жасаған Ресейдің «Бірінші арнасының» бұрынғы қызметкері Марина Овсянникова «Миротворец» сайтының тізіміне енді. Ол жерде пропагандашының Ресейге салынған санкциялық қысымды жоюға бағытталған Кремльдің ақпараттық операцияларына қатысқаны айтылады, деп жазады Bugin.kz порталы obozrevatel.com сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар оның Ресейдің арнайы қызметімен тығыз қарым-қатынаста екені көрсетілген. Аталмыш орталық журналистің жеке ұстанымына назар аударды. Осы уақытқа дейін ол жылдар бойы Украинаға қарсы ақпараттық соғысқа белсене араласып келген. Киевте жоспарланған баспасөз конференциясы туралы ақпарат пайда болғаннан кейін ғана «Соғысты тоқтатыңдар. Пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады» деген жазуы бар плакат ұстап эфирге шыққан.
Украиналықтар мұндай жаңалықты естігеннен кейін бүлік шығарып, «Интерфакс» ақпарат агенттігі ұйымдастырып жатқан баспасөз конференциясы тоқтатылды.
«Іс-шара тоқтатылды. Себебі бұл шараға қатысты қоғамда жағымсыз пікір қалыптасып үлгерді. Біздің қоғам және БАҚ қоғамдастығы бұл адамды Украинада көргісі келмейді, тіпті, онымен сөйлесуді қаламайды», – деді «Интерфакс-Украинаның» бас директоры Александр Мартыненко.
«Детектор Медиа» басылымының жазуынша, Марина Овсянникова қатысатын баспасөз конференциясын ұйымдастыруды «Die Welt» газеті «Интерфакс-Украинаға» ұсынған. Овсянникова қазір неміс газетінде шолушы болып қызмет атқарады. Басылым нидерландиялық ерікті, қайырымдылықпен айналысатын Мариам Ламбертпен және украиналық «Стоп Коррупции» қоғамдық-медиа ұйымымен жұмыс істейді.
Айта кетейік, Овсянникова 14 наурызда кешке «Время» жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфирі болып жатқанда студияда отырған диктордың қасына атып шығып, «Соғысты тоқтатыңдар. Пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады» деген плакат ұстап тұрды. Ол диктор сөйлеп жатқанда «Соғысты тоқтатыңдар! Соғысқа жол жоқ!» деп қарсылық білдірді. «Бірінші арна» осы жайтқа байланысты тексеріс бастаған. Артынша Овсянникованың ұсталып, үстінен әкімшілік іс қозғалған деген хабар шықты.